Қожаберген Толыбайұлының туғанына 360 жылдың жүзі болды. Кіндік қаны солтүстіктің Жамбыл ауданында тамған біртуар тұлғаның есімі өңірімізде асқақтата айтылып жатыр. Осыған орай облыс әкімі Айдарбек Сапаров пен белді қаламгерлер мен ғалымдардың қатысуымен ауқымды конференция өтті. Өңір жетекшісі шараның маңыздылығына тоқталды.
АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тағы бір маңызды жұмыс – ол тарихи әділдік орнату. Бір кездері ұмытылып қалған ұлт перзенттерінің есімін қайта жаңғыртуымыз керек деген болатын. Бүгін өтіп отырған шараның да маңыздылығы осында. Қожаберген бабамыздың артынан қалдырған рухани мұрасы өте бай. Солардың ішінде “Елім-ай” дастанының орны бөлек. Ардақты жырау бұл еңбегінде өзі өмір сүрген дәуірді, қазақ халқының қабырғасын қайыстырған дәуірді суреттейді.
Конференцияға қос атаулы күн арқау болды. Биыл “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” кезеңінен сыр шертетін “Елім-ай” дастанына 300 жыл толып отыр. Құндылығы жоғары, шоқтығы биік шығармада халқымыздың өткен тарихы, қасіретті кезеңі қамтылған.
БЕКЕТ ТҰРҒАРАЕВ, “Жеті жарғы және Қожаберген жырау” ҚҚ төрағасы:
– Бұл конференцияның бастауы Түркістанда басталды. Енді туған жері Қызылжарда өтіп жатыр. Халқымыздың басына түскен ауыр 1723 жылы “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” деп, халқымыздың үштен екісі қырылғанда халықтың басын біріктіріп, ұран тастап, рухтандыруға үлкен көмегі тиген азамат. Мәңгілік есте қалдыру үшін “Қаратаудың басынан көш келеді, Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді” деп басталған жырдың биыл 300 жылдығы.
Елі үшін еңбек етіп, ұрпағының жарқын болашағы үшін басын бәйгеге тіккен тұлғаның мерейтойы ел көлемінде аталып өтілуде. Облыстық мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікова Қожаберген батыр туралы тың деректермен бөлісті.
СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:
– Қазіргі таңда “Қожабергентану” жобасы асында үлкен жұмыстар іске асырылуда. Соның бірі – “Мәдени мұра”, “Архив 2020-2025” бағдарламасының аясында табылған шетелдегі құжаттар. Мен бүгін баяндамамда сол туралы айтамын. Бүгінгі күнгі зерттеулерге қарап отырсақ, осы Қытай мен қазақ хандығының нақты бекітілген 18-ші ғасырдағы сауда орны Қожаберген батырдың есімімен аталыпты.
Қожаберген – ұлт ерлігінің символы. Облыс орталығында жерлесіміздің құрметіне ескерткіш орнатылған және орта мектепке есімі берілген.
Ақжүніс Мұқатай