Мәдениет

Өңірімізде суретшілердің халықаралық симпозиумы өтеді

Петропавлға әлемнің түкпір-түкпірінен қылқалам шеберлері келді. Өзбекстан мен Қырғызстаннан бастап Канада, Франция мен Германияның белді суретшілері солтүстіктің сұлу табиғатын қағаз бетіне түсірмек. Бүгін жергілікті өнерпаздар ән-шашумен 20 шақты шығармашыл жанды теміржол вокзалынан күтіп алды.

Өңірде ертең бастау алатын “Ботай – Ұлы дала мәдениеті” II Халықаралық симпозиумы 1-ші қыркүйекке дейін жалғасады. Аты аталғандай қылқалам шеберлері әйгілі Ботай қонысына барып, ондағы қазба жұмыстары жүргізілген жерлерді бейнелейді. Тарихи орынның сырына қанық болады. Жерлесіміз Ғалия Мақашева Алматы қаласынан келіп отыр. Жақында Венецияда өткен 1-ші халықаралық симпозиумде де төбе көрсетіпті.

ҒАЛИЯ МАҚАШЕВА, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі:

– “Ботай” тақырыбы кез келген суретшіні қызықтырмай қоймайды. Қонысына барған әрбір адам бақытты шығар. Мен де өте қуаныштымын. Керемет көрме болады деп ойлаймын. Біздің бұл жерде жасаған жұмысымызды барлық Қазақстан, тіпті, әлем тамашалайды десем болады.

Белді суретшілердің ішінде петропавлдық Болат Әсербеков те бар. Жерлесіміз жеті қазынаның бірі – Қамбар атаның төлі алғаш қолға үйретілген тарихи жеріміз өзге ұлт өкілдерін қызықтыруы мақтаныш дейді.

БОЛАТ ӘСЕРБЕКОВ, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі:

– Бұл суретшілер солтүстік өңірге алғаш рет келіп тұр. Қазақтың біртуар тұлғалары Мағжан Жұмабаев, Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің туған жерлеріне аяқ басып тұр. Сонымен қатар, алғаш рет тұлпарды қолға үйреткен тарихи жер өз әсерін қалдырады деп ойлаймын. Қазақстан – киелі өлке. Халқымыз қуаныш танытып, қонақжайлылықпен күтіп алып жатыр.

Талантты жандардың өңіріміздегі сапарының әр күні белгіленіп қойылған. Жоспарда Имантау-Шалқар курорттық аймағы, “Аққайың” сауықтыру лагері мен қаланың көрікті жерлері бар.

 

Ақжүніс Мұқатай