Қоғам

Петропавлда діни қызметкерлерге арналып оқыту семинары өтті

Теріскейлік имамдардың білімдері толықты. Бүгін облыс орталығында дін өкілдерінің қатысуымен оқыту семинары өтті. Жергілікті Алла үйі қызметкерлеріне өзге облыстардан келген мамандар дәріс оқыды. Тақырып – теріс ағыммен күрес және ислам насихаты.

ХАМЗАТ ӘДІЛБЕКОВ, “Қызылжар” облыстық орталық мешітінің бас имамы:

– Заман ағымы сағат сайын өзгеріп жатыр. Қазіргі таңда ислам насихатында, имамның тұлғалық келбетінде жаңартылатын тұстар бар. Осыған байланысты семинар ұйымдастырып отырмыз. Қазір біз әлеуметтік желі, жаңа жабдықтарды қолдана отыра дін насихатының жаңа форматын қарастырып отырмыз.

Дінге қызмет еткен жандардың мұндай қадамға баруына өзекті проблема түрткі болса керек. Себебі, қазір әлеуметтік желідегі жастардың арасында теріс насихат алып жүргендер бар. Сол себепті, интернетте ресми сайттардың қатарын қалыңдату бағытында біраз жұмыс атқарылмақ. Жалпы, ел болашағы атанған жастардың жат ағым жетегінде жүргенін полиция подполковнигі Мырзабек Тойғанов та растап отыр. Бұл тақырыпты азамат өз баяндамасына арқау етті.

МЫРЗАБЕК ТОЙҒАНОВ, Ш.Қабылбаев атындағы ІІМ академиясының экстремизм идеологиясына қарсы іс-қимыл ҚАЖ мамандарын даярлау жөніндегі оқу орталығының басшысы, Қостанай қаласы:

– Діни білімді бала қайдан алуы керек? Біріншіден, әрине отбасыдан. Бұл ретте ата-ананың сауаттылығы бірінші орында. Егер ата-аналар тек дін жағынан ғана емес, қарапайым адамгершілік, ізгілік мәдениеті жоғары болса ондай отбасыдан шыққандар дұрыс жолмен жүреді. Себебі, олар қоғамның ішінде әлеуметтендірілген.

Ал балаға діни тұрғыдан берері аз ата-аналар ұрпағын мешітке жетектеп апарғаны дұрыс. Ұл-қыздар имамдар мен ресми сайттардан ғана дұрыс білім алады. Бұл ретте ұстаздар да бар біліммен тоқтамауы керек. Тақырыпты Алматы қаласындағы қалалық мешітінің наиб имамы Руслан Қайыргелді тереңінен баяндады.

РУСЛАН ҚАЙЫРГЕЛДІ, Алматы қаласы қалалық мешітінің наиб имамы:

– Қызмет барысында имамдарға көптеген сұрақтар келіп түседі. Олар ақида саласы, жат ағым, заң тұрғысынан болады. ҚР зайырлы мемлекет болғандықтан дінге қатысты заңнамалар бар. Шариғатымызда өте өзекті мәселелер бар. Сол проблемаларды егжей-тегейлі қарап, зерделейміз. Жергілікті имамдар өз сұрақтарына жауап алатын болса біз қуанамыз.

Айта кетейік, бүгінде елімізде 3 мың мешіт бар. Имамдарды оқытатын 10 медресе мен 1 жоғары оқу орны жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, діни қызметкерлер Египетте келісім арқылы айлап білімдерін жетілдіре алады. Руслан Қайыргелдінің айтуынша елде осы салада мамандар әлі де жетіспейді.

 

Алдияр Айтпаев