Құқық қорғау органдары

Қызылжар аудандық білім бөлімінің қызметкерлері мемлекеттік сатып алу тәртібін бұзған

Шілде айында Қызылжар аудандық білім бөлімі Соколов орта мектебінің шатырына ағымдағы жөндеу жұмысын жүргізу мақсатында 17,5 млн теңгеге мемлекеттік сатып алулар жариялады. Сондай-ақ, 1,4 млн теңгеге балалар алаңқайы алыныпты. Бірақ, жұмыстар міндетті техникалық сипаттамасыз тыңдырылған. Іске Қызылжар аудандық прокуратурасы араласқаннан кейін сатып алулар жойылды. Аудандық бөлімнің 5 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Кейін мемлекеттік сатып алулар барлық талаптарды ескере отыра қайта жарияланды. Бұдан бөлек облыс прокуратурасы өңірде мемлекеттік органдар кәсіпкерлердің құқықтарын бұзды деп мәлімдеді.

СҚО прокуратурасы:

– Қазақстан Республикасының міндетті медициналық сақтандыру туралы заңнамасын бұзғандықтары үшін 34 кәсіпкерлік субъектісі жауапкершілікке тарту мерзімінің өткендігіне қарамастан, әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сонымен, Петропавл қаласы прокуратурасының қадағалау актісі бойынша лауазымды тұлғалардың заңсыз қаулылары бұзылды және кәсіпкерлердің құқықтары орнына келтірілді.

Кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне заңсыз араласқаны үшін ағымдағы жылы мемлекеттік органдардың 2 лауазымды тұлғасы жауапкершілікке тартылды. Жыл басынан бері барлығы 98 кәсіпкердің құқығы қорғалды. Олардың пайдасына 107 млн теңгеден астам қаражат өндіріліп алынды. Жалпы сомасы 35 млн теңге болатын мемлекеттік сатып алулар бұзылды.

 

Алдияр Айтпаев