Облыстық әкімдікте жылыту маусымына дайындық барысы талқыланды. Қазір өңірде 350-ден астам нысанды жылумен қамтамасыз ететін 24 орталық қазандық бар. Оларды қысқа әзірлеуге 763 млн теңге бөлініпті. Бірақ, Айыртау, Қызылжар, Мамлют және Ғ.Мүсірепов аудандарында тиісті шаруа сылбыр жүргізіліп жатқанға ұқсайды. Алдағы уақытта ешқандай проблема туындамайды. Бұлай мінберге шыққан «Севказэнерго» АҚ бас директоры Анатолий Казановский мәлімдеді.
АНАТОЛИЙ КАЗАНОВСКИЙ, «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ бас директоры:
– Жылыту маусымына толықтай дайын боламыз. Қазір көмір қорын молайтып жатырмыз. №1 мұржаға қатысты мәселе туындағанын айта кету керек. Тексеріс кезінде кемшілік анықталды. Қазір олқылықты түзеу бойынша шаруа жүргізіліп жатыр. Маңызды іс аяқталғасын, құрылыс қайта қолға алынады.
Қаладағы жағдайға келсек, бүгінде Петропавлдағы баспаналардың 60 пайызы қысқа дайын. Өкінішке қарай, мүлік иелерінің бірлестігі немесе үлкендері жоқ үйлерде біраз мәселе бар. Жеке сектор тұрғындары да асығар емес. Қазіргі таңда өңір халқының жартысы ғана көмір дайындапты. Әзірлікке қарқын қосу үшін ауылдық округ әкімдері әр үйді аралауы қажет. Жауапты басқарма да күн-түн демей жұмыс істеуі міндетті.
АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасына аудан әкімдерімен және Петропавл қаласы басшысымен бірлесіп, 1 қыркүйекке дейін әлеуметтік нысандар мен бюджеттік ұйымдардың дайындығын аяқтауды тапсырамын. 2023 жылғы 15 қыркүйекке дейін жылумен жабдықтау көздерін, жылу желілерін, орталық қазандықтарды сапалы әзірлеңіздер. Біз 1 қыркүйекке дейін әлеуметтік және бюджеттік ұйымдарды көмірмен қамтамасыз етуді аяқтауымыз керек. Сондай-ақ, 15 қыркүйекке дейін халыққа арналған жұмыстарды тәмамдау қажет.
Жиында жерді тиімді пайдалану туралы да сөз қозғалды. Биыл өңірде пайдаланылмай жатқан және заңсыз берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы 330 мың гектар мемлекет меншігіне өтуі тиіс. Қазір аталған көлемнің үштен бір бөлігі қайтарылды, деп мәлімдеді бейінді департаменттің басшысы. Бақытжан Бекіш өз баяндамасында аудандық әкімдіктер тарапынан жіберілетін қателіктерге де тоқталды.
БАҚЫТЖАН БЕКІШ, СҚО жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы:
– Өкінішке қарай, жергілікті атқарушы органдар жер телімдерін конкурстар, аукциондарсыз береді. Бұдан өзге де кемшіліктер бар. Мысалы, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді беру бойынша конкурстарды ұйымдастыру және өткізу қағидаларының талаптары сақталмайды. Бұл нәтижені жоюға әкеп соқтырады. Соңында конкурстарға қатысушылар өз наразылықтарын білдіреді.
Тағы да сандарды сөйлетейік. Өткен және ағымдағы жылы департамент әкімдіктерге қатысты 188 тексеру жүргізіпті. Нәтижесінде 128 заңбұзушылық анықталған. Бүгінде жергілікті атқарушы органдар кемшіліктердің көбін жойған. Әлі де шешуді қажет ететін мәселе бар. Ауылдарда пайдаланылмай жатқан жерлерде тұрғындар мал бағады. Осыған назар аударған жөн. Себебі, тұяқтылар аумақты таптап жатыр.
АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Округтің әкімі мен шаруашылықтың басшысы халыққа көмектесу жағын ойлауы керек. Басылып қалған ауыл маңын жыртып, шөп еккен жөн. Сонда бізде мал бағатын да, шөп шабатын да жер жеткілікті болады.
Байболат Култанов