Ауыл шаруашылығы

Үкімет «AMANAT»-тың бастамасымен шаруаларға арналған дизель отынын арзандатты

«AMANAT» партиясының араласуының арқасында шаруалар үшін жеңілдетілген дизель отынының 1 литрі 250 теңгеге дейін төмендеді. Саяси ұйым өкілдерінің айтуынша, көбіне-көп өңір кәсіпкерлері үшін өз мәселесін орталық мемлекеттік органдарға жеткізу қиынға соғады. Бұл ретте партия хатшысы Эльдар Жұмағазиевтің төрағалығымен «AMANAT» филиалдары жанындағы экономиканы, кәсіпкерлікті және аграрлық секторды дамыту жөніндегі өңірлік кеңестердің кеңейтілген отырыстары өткізілуде.
Абай облысының шаруалары дизель отынының қымбатшылығына шағымдануда.
Партиялықтар батыс және солтүстік өңірлердің кәсіпкерлерімен кеңес өткізген кезде де шаруалар осы мәселені көтерген болатын. Энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов ведомство жеңілдетілген бағадағы дизель отынын өңірлерге жеткізуді ескере отырып, оның 1 литрін 238 теңгеге дейін арзандату туралы шешім қабылдағанын айтты.

Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика вице-министрі:

– Мәселе мұнай өңдеу зауыттарынан жанар-жағармай алып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге дизель отынын жеткізу, сақтау қызметін көрсететін өңірлердегі делдалдардың әлеуметтік жауапкершілігі туралы болып отыр. Энергетика министрлігі ұсынған өңірлік жанар-жағармай операторларының 1 литріне 12 теңге деңгейіндегі маржасын ескере отырып, жеңілдетілген бағадағы дизельдің 1 литрі 250 теңгеден аспауы тиіс.

Партия хатшысы Эльдар Жұмағазиев өңірлердегі кәсіпкерлерге өздерін толғандырған сұрақтарын министрліктер өкілдеріне тікелей жолдап, жауап алуға жақсы мүмкіндік берілгенін атап өтті. Бір апта бұрын «AMANAT» партиясының Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстық филиалдары жанындағы экономика, кәсіпкерлік және аграрлық секторды дамыту жөніндегі аймақтық кеңестердің кеңейтілген отырысында Ресей бидайын әкелуге тыйым салуды ұзарту мәселесі талқыланды. “AMANAT” партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев Ресейден жеткізілетін импорттық тауарлардың саны күн санап артып бара жатқандығын айтты.

Эльдар Жұмағазиев, “AMANAT” партиясының хатшысы:

– Бұған ресейлік тауарлар үшін сыртқы нарықтың тарылуы мен рубль бағамының теңгеге теңгерімінде төмендеуі себеп болып отырғаны анық. Бұл өз кезегінде ресейлік тауарларға деген сұраныстың арта түсуіне себеп болды. Ал біздің елімізде азық-түлік тауарларын өндіруге қажет құрамдас бөліктердің құны өсуде. Яғни, қарыз мөлшерінің, электр қуатының, жанар-жағармайдың, тұқымның, ауыл шаруашылығы техникасының құны, өсімдіктерді қорғау амалдарының шығыны, жем-шөп бағасы аталған елмен салыстырғанда әлдеқайда қымбат.

Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары, «AMANAT» фракциясының мүшесі Альберт Рау Қазақстан нарығындағы қазіргі жағдайға атүсті қарауға болмайтынын және ел экономикасына тиімді шара қабылдау қажет екенін айтты.