Тең нәтиже тіркелді. Кеше жергілікті “Qyzyljar” футбол клубы өз алаңында қарағандылық “Shakhter” командасын қабылдады. Бәсі биік бәсекеде 1 де 1 есебі тіркелді.
Матч кешкі сағат 17:00-де басталды. Жастар стадионында қалың көпшіліктен ине шаншар орын қалмады. Тартысты кездесудің куәсі болуға келген ағайын бәсекені алғашқы минуттардан кірпік қақпай тамашалады. Қос ұжым өкілдері ойынды жоғары қарқынмен бастады. Қызылжарлықтар қарсылас қақпашы маңын жиі торуылдап жүрді. Бірақ, алғашқы болып есепті қарымта шабуылда қарағандылықтар ашты.
Әрине, бұл голдан кейін жанкүйерлердің алғашқы минуттардағы қуанышы су сепкендей басылды. Ал жігіттерді мұндай есеп жігерлендіру түсірді. Шабуыл үдеп, қарқынға қарқын қосылды. Осылайша, еңбек 34-ші минутта ақталды.
Дмитрий Хлебас берген допты Евгений Березкин қақпаға дарытты. Есеп теңесті. Үзіліске командалар еш өзгеріссіз кетті.
– Біздің ойыншылар жақсы ойын көрсетіп жатыр. Біздікілер жеңеді деп ойлаймын. Екінші таймда қарсылас қақпасына бір-екі гол соғылады.
– Ойын жақсы өтіп жатыр. Біздің ойыншы бір қателік жіберіп, қақпамызға доп өткізіп алдық. Өз ойым бүгін жеңеміз.
– Стадион толық. Бірақ, бұл стадион кішірек. Жаңа стадионымыз тезірек ашылса екен.
– Стадион болса, кісі бұдан да көп болады. Жанкүйерлер болса, ойыншыларға көрсетілетін қолдау да артпақ.
Екінші таймда біріншісіне қарағанда шабуылдар мен қауіпті сәттер көп болды. Бірақ, есеп ашылмады. Ойыншылар біресе допты қақпа маңдайшасына тигізді, біресе қиыс жіберді. Жеңімпаз анықталмады.
АРДАҚ СӘУЛЕТ, “Qyzyljar” ФК жартылай қорғаушысы:
– Ойын біз қалағандай өтті. Біз матчты 1-ші нөмірде жүргіземіз деп кездесуге шықтық. Барлығы жетті. Тек қана голдар жетіспеді. 1 емес, бірнеше гол салатындай мүмкіндігіміз болды. Бірақ, бұйырмады. Барлығы көрген шығар, біз қарсыластан бірнеше басқа жоғары өнер көрсеттік.
1-05 Өте қызықты ойын болды. Жанкүйерлерге рахмет!
Бұл ойыннан кейін петропавлдық ұжым турнирлік кестедегі 5-ші орнын сақтап қалды. Енді солтүстікқазақстандықтар тамыздың 19-шы жұлдызында “Kaspiy” клубымен өзара мықтыны анықтайды. Кездесу сырт алаңда өтеді.
Алдияр Айтпаев