Өңірде көлікті мас күйде тізгіндейтіндердің саны көбеймесе азаяр емес. Жыл басынан бері облыс жолдарында 600-ден астам мас жүргізуші ұсталған. Қайғылы жайттың алдын алу үшін тәртіп сақшылары «Мас жүргізуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жұмыс істеп жатыр.
БАЯН БАЙҒАСКИНА, СҚО ПД ЖПҚБ аға инспекторы:
– Жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жолдардағы апаттылыққа тікелей әсер ететін жол жүрісі қағидаларының өрескел бұзушылықтарын анықтау мақсатында тамыздың 8-і мен 13-і аралығында облыс аумағында «Мас жүргізуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Іс-шараның тек 2 күні ішінде жол жүрісі қағидаларының 677 бұзушылығы анықталды. Оның 15-і – мас күйінде көлік тізгіндегендер. Сонымен қатар, көлік жүргізу құқығынан айырылған адамдардың тізгінге отыруы туралы және жолаушылар мен багажды заңсыз тасымалдауының 2 фактісі анықталды.
Бейсенбі күні полицейлер кезекті рейд барысында «Lifan» маркалы автокөлікті тоқтатты. Құжаттарын тексеру кезінде жүргізушінің бойынан мастықтың белгілері байқалған. Медициналық сараптама барысында ер адамның жеңіл дәрежедегі алкогольдік мас күйде болғаны расталды. «Lifan» жүргізушісіне қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы бойынша хаттама толтырылды. Аталған баптың сакциясына сәйкес құқықбұзушы 15 тәулікке қамауға алынып, 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылуы мүмкін. «Мас жүргізуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы тамыздың 13-іне дейін жалғасады.
БАЯН БАЙҒАСКИНА, СҚО ПД ЖПҚБ аға инспекторы:
– Көлік құралдарының жүргізушілерін жолда сақ болуға, жол жүрісі қағидаларын мүлтіксіз сақтауға және рөлге отырғанда сіз өз өміріңіз үшін ғана емес, жол қозғалысының қалған қатысушыларының өмірі мен денсаулығы үшін де жауапты екеніңізді есте саламыз.
Облыста жыл басынан бері мас жүргізушілердің кесірінен 14 жол-көлік апаты болды. Салдарынан 4 адам қаза тауып, 20 адам жарақат алған.
Акжунис Мухатай