Қоғам

Тамыздың 13-ші елімізде Құрылысшылар күні аталып өтіледі

Тамыздың екінші жексенбісі – Құрылысшылар күні. Биыл атаулы дата айдың 13-ші жұздызымен тұспа-тұс келіп тұр. Мерекеге орай бүгін облыс орталығында дәстүрлі түрде салтанатты жиын өтті. Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінде сала өкілдері бас қосты. Облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев өңірде құрылыс саласының қарқынды дамып жатқандығын алға тартты.

СӘТЖАН АБЛАЛИЕВ, СҚО әкімінің орынбасары:

– Облысымызда түрлі экономикалық бағытта ірі жобалар жүзеге асырылуда. 3 емхана салынып жатыр. Оның екеуін биыл ашуды жоспарлап отырмыз. Мектептер, дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен хоккей корттары да бой көтеруде. Облыс орталығындағы спорттық орталықтың құрылысы басталды. Шаһармен қатар аудандарда да көпқабатты үйлер тұрғызылуда.

Кейін индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен келген арнайы марапаттар өз иелеріне табысталды. Василий Бердюков 16 жылдан бері «Альфа-Север» серіктестігінде тас қалаушы болып еңбек етеді. Бұл мамандықтың қыр-сырын әскерде жүріп меңгерген. Қаламызды көркейтуге қосқан еңбегі үшін бүгін жерлесімізге министр Марат Қарабаевтың Алғыс хаты берілді.

ВАСИЛИЙ БЕРДЮКОВ, “Альфа-Север” ЖШС тас қалаушысы:

– Серіктестік құрылғалы осы компанияда жұмыс істеймін. Алғашқы тұрғызған нысанымыз – “Спутник” дүкені артындағы 7 қабатты үй. Содан кейін балабақша мен өзге де нысандарды салдық. Қалалық Мәдениет үйін де жөндеуге қатыстым. Жұмысым ұнайды. Жалақы уақытылы беріледі.

Аға буын өкілдерімен бірге салаға енді ғана қадам басқан жастар да құрмет-қошеметке бөленді. Мәселен, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бас маманы Арыстан Қайыржан облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Азаматтың құрылыс бағытында 2 жылдық тәжірибесі бар.

АРЫСТАН ҚАЙЫРЖАН, СҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бас маманы:

– Тәжірибем аз болса да облыс басшылығы еңбегімді бағалап жатқанына алғысымды айтамын. Өзім мердігерлердің атқарған жұмыстарының көлемін санаймын. Нысандар мен жұмысшылардың санын қадағалаймын. Құрылыс саласы негізі жобалаудан басталады ғой. Өзіме жобалау жұмыстары мен құрылыс процестері ұнағандықтан осы салаға келдім.

Жалпы, кәсіби мерекелері қарсаңында бүгін 32 маман марапатталды. Оларға министрлік пен облыс басшылығы атынан жолданған түрлі дәрежедегі хаттар мен грамоталар берілді.

 

Алдияр Айтпаев