Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – кене арқылы берілетін ауру. Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап елімізде осы ауру бойынша 33 жағдай тіркеліп, 5 науқас қайтыс болған. Бұл туралы елордада өткен брифингіде айтылды.
АЙЖАН ЕСМАҒАМБЕТОВА, ҚР денсаулық сақтау вице-министрі:
– 247 елді мекенде санитариялық қорғау аймақтары және 1000-нан астам ауылда буферлік аймақтар құрылды. 7 млн-нан астам мал басы мен қора кенеге қарсы өңделді. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы салқын түскенге дейін жалғасатынын ескере отырып аурудың алдын алу шараларына тоқталсам. Табиғатқа шыққан кезде кене репелленттерін қолдану керек. Әрдайым бүкіл денені, киімді тексеріп отыру қажет. Малдың жүнін қырыққан кезде міндетті түрде қолғап және қорғаныш киімдерін киген дұрыс. Қораларды кенеге қарсы дәрімен дәрілеп тұрған да өте маңызды.
Бруцеллез – малдан жұғатын қауіпті дерт. Жыл басынан бері елімізде аты жаман аурудың 600-ден астам фактісі тіркеліпті.
АЙЖАН ЕСМАҒАМБЕТОВА, ҚР денсаулық сақтау вице-министрі:
– Аурудың көзі төрт түлік мал болып табылады. Эпидемологиялық тексеріс барысында ауырғандың 70 пайызы малмен байланыс кезінде жұқтырғаны анықталды. Тағы себеп- шикі сүт өнімдері мен етті тұтыну. Сондықтан, барлығын қайнатып, жақсылап пісіріп тұтынған дұрыс.
Инфекциялық аурудың тағы бір түрі – вирустық менингит. Осы жылы 1200-ден астам жағдай тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есеге көп. Ауырғандардың көбі – 14 жасқа дейінгі балалар. Сондай-ақ, Қазақстанда қызылшамен ауыратын балалардың саны өршіп барады. Жыл басынан бері 3 мыңнан астам жағдай анықталыпты. Айжан Есмағамбетова бұған бірден бір себеп – дертке қарсы вакцинаның егілмеуі дейді.
АЙЖАН ЕСМАҒАМБЕТОВА, ҚР денсаулық сақтау вице-министрі:
– Қызылша ауруы – еліміздің барлық аймақтарында тіркелуде. Аурудың кең таралу себебі – қызылшаға қарсы вакцина алмаған балалар санының көптігі. Мәселен, ауырғандардың 72 пайызы – вакцинациядан өтпеген балалар. Оның ішінде 60 пайыз – балалардың ата-аналары вакцина қоюдан бас тартқандар. 20 пайызының вакцинаға қарсы медициналық көрсеткіштері бар. Ал қалған 20 пайызының вакцина ектіруге жасы жетпеген.
Қауіп қоршаған ортадан ғана емес, жеген тамағымыздан да төніп жатады. Соңғы 7 ай ішінде тамақтан уланудың 17 фактісі тіркеліпті. Оның 11-і қоғамдық тамақтану орындарында, 3-еуі балалар ұйымдарында болған. Ал қалған 3-еуінде адамдар фаст фуд жеп уланған. Зардап шеккендердің саны 360 адамды құрайды. Оның 140-ы – бала. Бұл жағдайлардың саны өткен жылмен салыстырғанда 1,5 пайызға аз екен.
Аснурия Абдула