Қоғам

Биыл Мамлют ауданына оңтүстіктен 23 отбасы көшіп келген

Әсия Күлбаева – Мамлют ауданының тұрғыны. Ол шамамен 1 жыл бұрын отбасымен бірге Шымкент қаласынан көшіп келіпті.

ӘСИЯ КҮЛБАЕВА, Мамлют ауданының тұрғыны:

– Біз Шымкент қаласынан келдік. Негізі, Созақ ауданының тумасымыз. Ал Шымқалада тұрғанымызға 20 жылдан асып кетті. Қызым осында үй беріп жатыр екен деген соң келдік.

Әрине, кімде-кімнің болсын арманы – баспаналы болу. Жаңа ортада – жаңаша өмір, жаңа кәсіп бастау. Шырайлы Шымқаланың тумалары бүгінде теріскейдің өміріне әбден сіңісіп алған екен. Көршілері де оңтүстіктікі.

ӘСИЯ КҮЛБАЕВА, Мамлют ауданының тұрғыны:

– Шүкір, қасымызда көршілеріміз бар. Олар – Сарыағаш ауданының тұрғындары. Бір-бірімізге көмектесіп, жоғымызды беріп күн көріп жатқан жайымыз бар. Бір суықтан өттік. Қыста аздап тоңдық. Бірақ, ақыры келген соң үйрену қажет деп шештік.

Әсия Күлбаева көктемде 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға қатысып 1 млн 380 мың теңге көлемінде мемлекеттік грант ұтып алыпты. Сөйтіп, ол ақшаға 4 сиыр сатып алған. 2 ірі қара күніне 15 литрдей сүт береді екен. Дастарханда тұрған мына айран, қаймақ, майды өз қолымен істеген. Қалғанын сатып, кіріс тауып отыр.

ӘЙГЕРІМ ҚАЛАМБАЕВА, Әсет Күлбаеваның қызы:

– Менің мамандығым – дене шынықтыру мұғалімі. Қаңтар айынан бастап жаттықтырушы болып жұмыс істедім. Мектепте тоғызқұмалақ, асық ойындарын үйреттім. Ал енді қазір ішкі іштер саясатына бас маман болып жұмысқа орналасып жатырмын.

Қоныс аударған отбасы баспананы 5 жылға жалға алған. Айына 9 мың теңгеден төлейді. Болашақта бұл үйді өздеріне қалдырғылары келеді екен. Сондай-ақ, жанұяның әр мүшесіне 241 500 теңге көлемінде субсидия төленіпті.

ӘЙГЕРІМ ҚАЛАМБАЕВА, Әсет Күлбаеваның қызы:

– Менің 2 қызым бар. Қазір екеуі де қазақ интернат-мектебінде оқиды. Үлкенім 4-ші сыныпқа көшті. Кішкентайым 2-ші сыныпқа өтеді.

Жалпы, Мамлют ауданына жыл басынан бері 23 отбасы, яғни 86 адам қоныс аударған. 2023 жылдың соңына дейін тағы 25 жанұяны көшіру жоспарда бар.

 

Аснурия Абдула