СҚО әкімдігіАуыл шаруашылығы

Облыстық әкімдікте егістік алқаптарын суару мәселесі қаралды

Облыстық әкімдікте селекторлық кеңес өтті. Жиында егіс алқаптарын суару мәселесі жан-жақты қаралды. Жергілікті диқандар қазір тіршілік көзін үнемдейтін технологияларды белсенді қолдануда. Бүгінде өңірімізде заман игілігі жеткен мұндай жердің көлемі 2 есеге ұлғайып отыр.

МЕЙРАМ МЕҢДІБАЕВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

– Облыста жалпы суармалы жердің көлемі 4,7 мың гектарға жетті. Оның 522,5 гектары тамшылату, ал 4,2 мың гектары жаңбырлату әдісі арқылы суарылады. Негізгі өнімдер – мал азығы, дәнді дақылдар, картоп және көкөністер. 2023 жылы су үнемдеу технологиялары қолға алынған 5 инвестициялық жоба жүзеге асырылды.

Жаңа және өте маңызды жоба бірнеше бағытта жақсы нәтиже береді. Біріншіден, су мен басқа да ресурстар үнемделеді. Екіншіден, жердің құнарлылығы мен өнімділік көрсеткіші еселеп артады.

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Бұрын бәріміз шілдедегі жауын-шашынды ескере отыра дән сеуіп жүрдік. Мерзім диқандар үшін қолайлы болды. Өкінішке қарай, қазір климат адам танымастай өзгерді. Бүгінгі күннің басты мәселесі – жаңбыр. Статистикалық дерекке сүйенсек, маусымда ылғалға қатысты айлық норманың 40 пайызын ғана алыппыз. Сондықтан, технология баршамыз үшін маңызды дегім келеді.

Қазіргі таңда бұл бағытта «Астық-СТЕМ» серіктестігі ауқымды жұмыс атқаруда.

СЕРГЕЙ ЗВОЛЬСКИЙ, “Астық-STEM” ЖШС директоры:

– Біз осыдан біраз жыл бұрын тамшылатып суару әдісі арқылы 10 гектар жүгері алқабын суардық. Әр гектардан 98 тонна өнім алдық. Бүгінгі таңда жем-шөпке қатысты қиындықтар туындап отырған жоқ. Бұл ретте биыл бірінші жаңбыр 6-шы маусымда ғана жауғанын айта кету қажет.

Қазір Қазақстанда тамшылатып суару әдісін Павлодар облысының шаруалары да қолданады. Биыл көрші өңірдегі суармалы жердің көлемі 77 мың гектардан асқан. Облыс әкімінің бірінші орынбасары селекторлық кеңес соңында алдымызда ауқымды жұмыстар тұрғанын баса айтты.

 

Байболат Култанов