Қоғам

Жексенбі күні көлік саласы қызметкерлері кәсіби мерекелерін атап өтеді

Жыл сайын тамыздың алғашқы жексенбісінде көлік саласы қызметкерлері кәсіби мерекелерін атап өтеді. Биыл мейрам айдың 6-шы жұлдызымен тұспа-тұс келіп отыр. Осыған орай бүгін Жастар сарайында салтанатты жиын өтті. Акт залына жиналған көпшілік – аталған істің жілігін шағып, майын ішкен жандар. Шара шымылдығын құттықтау сөзбен облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев ашты.

СӘТЖАН АБЛАЛИЕВ, СҚО әкімінің орынбасары:

– Көлік саласынсыз халық пен өндірістің қимыл-қозғалысы қиын болар еді. Облысымызда 125 автобустық бағыт жұмыс істейді. Өңірдегі елді мекендердің 84% тұрақты түрде қоғамдық көлікпен қамтылған. Осы ретте сіздердің еңбектеріңіз ерен екендігін атап өткім келеді. Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын.

Кейін кезек марапаттау рәсіміне де келді. Еңбегімен көзге түскен жандар кезек-кезек Сәтжан Аблалиевтің қолынан түрлі дәрежедегі марапаттар алды.

Бақытжан Садуов көлік тізгініне 1977-ші жылы отырыпты. Алғашында совхозда ауыр жүк көліктерін басқарған азамат қазір жолаушы тасымалдайды. Жерлесіміз өзі туған Есіл ауданы Амангелді ауылының тұғындарын аптасына 5 рет шаһарға әкеледі. Күнделікті ағайынның алғысын алатын солтүстікқазақстандық бүгін индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен жолданған марапатқа ие болды. Оған “Үздік жүргізуші” төсбелгісі берілді.

БАҚЫТЖАН САДУОВ, жүргізуші:

– Бала кезімнен жүргізуші болуды армандадым. Енді міне көлік тізгінінде жүрмін. 46 жыл болды. Көлік жүргізу деген оңай нәрсе емес. Суықта да, ыстықта да жүреміз. Тайғақ пен жаңбырға да қарамаймыз. Кісілер сенім артып, тосып тұрады. Қуаныштымыз еңбегіміздің бағалағанына.

Жалпы, министрліктен бөлек жерлестерімізге облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты берілді. Кейіннен көпшілік мерекелік концерттің куәсі болды. Айта кетейік, бүгін шаһар төрінде отандық көлік өндірушілердің жиыны өтті. Онда саланың ары қарайғы дамуы талқыланды.

 

Алдияр Айтпаев