Облыстық дін істері басқармасының мамандары “Қызылжар” футбол клубының жастарымен жолықты. Кездесуде қаузалған тақырып – діни экстремизм мен терроризмге тұсау салу. Тілге тиек етілген дерекке сүйенсек, қазір жат ағым өкілдері қатарларына спортшыларды көбірек қосқысы келеді. Мұның себебі түсінікті. Қашан да шынығатын жігіттер физикалық тұрғыда мықты әрі қоғам мен өз ортасында беделге ие болады. Болашақта бұл факторларды тура жолдан жаңылған жандар өз мақсатында пайдалануы мүмкін.
НҰРТАС НҰРМАҒАМБЕТ, СҚО дін істері басқармасының бас маманы:
– Спортшылар мақсатты топтардың ішіне кіреді. Қазір спортшылардың қатарынан өте көп адам деструктивті діни ағымдарды таңдап жатыр. Сирияға кетіп жатқандар да бар.
Мемлекет қанша күш салып жатқанымен жат ағым өкілдеріне тұсау табылмай тұр. Ағымдағы жылдың 6 айы ішінде өңіріміздің дін істері саласында 11 құқық бұзушылық тіркеліпті. Мұндайға жол бермеудің бір тәсілі – ақпараттық-түсіндіру жұмыстары.
НҰРТАС НҰРМАҒАМБЕТ, СҚО дін істері басқармасының бас маманы:
Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында дін істері басқармасы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының негізінде 12 634 адамды қамтитын 1092 шара өткізді. Жастардың әртүрлі тобы қамтылды. Сонымен қатар, деструктивті діни ағым өкілдерімен 100-ден астам кездесу өткізілді.
Кездесу барысында футболшыларға интернеттің қаупі жайлы да айтылды. Биыл бейінді басқарма өкілдері мониторинг жүргізу кезінде ВКонтакте желісін қолданатын күмәнді 450 жерлесімізді анықтап, хабарландыру жіберу арқылы қауіпті топтардан шығарыпты. Ал Инстаграмда бұл көрсеткіш 4 мыңға жеткен.
НҰРТАС НҰРМАҒАМБЕТ, СҚО дін істері басқармасының бас маманы:
– Деструктивті діни ағымдардың сайттары мен парақшаларына толыққанды шектеу қоя алмаймыз. Көбісі АҚШ-та ашылған.
Жүздесуде осылардың бәрі бастан-аяқ айтылды. Тағы мамандар жастарды интернет арқылы садақа салу кезінде абай болуға шақырды. Кейбір жат ағым өкілдері осылай ақша жинайды екен. Бұл террозимді қаржыландыру болып табылатынын, ол үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ұмытпаған жөн.
Байболат Култанов