МТРА жаңалықтарыҚұқық қорғау органдары

Жасөспірімдердің еңбек құқығының қорғалуы

Қазақстан Конституциясы көшесі. Ондаған көшемен қиылысатын саябақ бойында түрлі дәмханалар орналасқан. Тәтті-дәмді мен ойыншықтар сататын дүңгіршектер де бар. Сондай-ақ, түрлі автоматтар тұр. Самокаттар мен велосипедтерді де жалға алуға болады. Зер салып қарасақ, тұрғындарға қызметті өрімдей жас ұл-қыздар көрсетуде. Біреуі – даяшы, енді біреуі – сатушы. Оларға арналған тиісті ереже мен талап бар. Бүгін ювеналдық полиция қызметкерлері мен білім басқармасының мамандары жасөспірімдерді осы жайында құлақтандырды.

– Сколько вам лет? – 16. – Где ваш работодатель?

Анықталғандай бұрымды кәмелетке толмаған. Бірақ, тиісті талап сақталған екен. Петропавлдықтың мұнда тұрғанына 4 сағаттан аспаған. Заң бойынша да солай болуы тиіс. Кейіннен мамандар дәмханалардың біріне бас сұқты. Қызметкерлерді мекеме әкімшісі күтіп алды. Азаматтың айтуынша қызметкерлердің бәрі де 18-ден асқан жастар. Оны қыз-жігіттердің төл құжаттарын көрсетіп растады.

БАУЫРЖАН ҮСЕНОВ, дәмхана әкімшісі:

– Жұмысқа тек 18 жастар асқандарды ғана қабылдаймыз. Бұрындары жастар жұмысқа ата-анасының рұқсатымен ғана орналаса беретін. Даяшылар 12 сағат жұмыс істейді.

Кейіннен осыдан бірнеше ай бұрын бұзушылық тіркелген дәмханаға бардық. Мақсатымыз – жағдайдың қаншалықты дұрысталғанын білу. Мекемеде қос даяшы қызмет көрсетіп жүр. Әкімші де орнында. Жастар құжаттарын көрсетіп, кәмелеттен асқандарын растады.

ЛЮДМИЛА БОГДАНОВА, дәмхана әкімшісі:

– Даяшылар таңғы 10-нан кешкі 10 жарымға дейін жұмыс істейді. Полицейлер барлық ережемен таныстырды. Алғашында мамандар осында келгенде осындай жаңа заңның бар екенін білмедік. Сөйтіп бұзушылықты дұрыстадық.

Еңбек кодексіне тоқталар болсақ, 14-15 жастағы жандар аптасына 24 сағат жұмыс істей алады. Ал 18 жасқа дейінгілерге 36 сағатқа дейін рұқсат берілген. Бұл ретте ата-ананың жұмыс берушімен кездесіп, рұқсатын беруі де маңызды. Талапты мекеме мамандары ескермесе 15 АЕК көлемінде айыппұл арқалайды.

 

Алдияр Айтпаев