ТЖ

Құтқарушылар саяжайларда рейд жүргізді

Саяжайлар орналасқан жерге рейд шарасымен келген төтенше жағдайлар қызметкерлерінің көлігі кептеліп қалды. Бейберекет өскен ағаш пен төмен тартылған электр сымы кедергі келдірді. Осының салдарынан мамандар уақыт жоғалтты. Егер аумақта өрт болса, бұл фактор жағдайды одан әрі ушықтырар еді. Жүргізуші Есболат Смагұловтың айтуынша, мұндай кемшілік барлық саяжай қоғамдастығында бар.

ЕСБОЛАТ СМАГҰЛОВ, №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің азаматтық қорғау аға сержанты:

– Ағаштың бұтағы көліктің үстіңгі бөлігін қирата жаздады. Өте алмағаннан кейін ағашты кесуге тура келді. Сым да кедергі келтірді. Жолдар тар. Қасыңда адам болса қай жаққа бұрылу керектігін айтып отырады. Ал жалғыз жүрсең біраз қиналасың.

“Ракета” саяжай қоғамдастығында мамандар тұрғындармен тілдесіп, сенбілік өткізуге шақырды. Бейберекет өскен ағаштарды, қираған қоршауларды ретке келтіруді, бақшалардың көлемін сақтауды сұрады. Себебі, жақында мұнда өрт болыпты. Абаттандыру ережелерінің сақталмауынан қызметкерлер шақырту түскен орынға кеш жетіпті.

БЕКЗАТ СЕРДАЛИНОВ, қалалық ТЖБ инженері:

– Көбіне қызыл жалын тұрғындардың қауіпсіздік ережелерін сақтамауынан орын алады. Біз шақыртуға бірден шығамыз. Бірақ, саяжайларда жол тар, кейбір адамдар маңайларын асыра қоршап тастаған. Осындай себептермен кешігеміз. Алайда, тұрғындар шағым білдіреді. Жыл басынан бері қала маңындағы саяжайларда 58 өрт болды.

Тілдесу барысында мамандар тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелері жазылған қағаздарды таратты. Жалпы, қазір қала маңында 15-ке жуық саяжай қоғамдастығы бар.

 

Гульден Симбаева