Ауыл шаруашылығы

Қазақстанда ауылшаруашылық техника өндірісі артады

Елордада кезекті Үкімет отырысы өтіп, машина жасау саласын одан әрі дамыту жайы пысықталды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, бүгінгі таңда қарқынды дамып келе жатқан секторда 3,8 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Ал еңбекпен қамтылғандардың саны 118 мыңнан асады. Болашақта бұл көрсеткіш біршама артады.

МАРАТ ҚАРАБАЕВ, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

– Жаңа жобаларға көп көңіл бөлінеді. Мәселен, 2028 ж ылға дейін 1,7 трлн теңгеге 24 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 151 жобаны іске асыру жоспарланған. 2023 жылы 217 млрд теңгеге 3,5 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 29 жоба іске қосылады деп күтілуде.

Салада шешуді қажет ететін мәселелер де баршылық. Қазір машина жасау секторындағы жабдықтардың тозу деңгейі шамамен 40% жуықтайды. Негізгі кәсіпорындардың жай-күйі айтарлықтай жаңғыртуды, қалыпқа келтіруді де талап етеді. Әлихан Смайылов бұл проблеманы біржақты ету үшін шағын және орта бизнес өкілдеріне қаржыландыруды қолжетімді ету және Өнеркәсіпті дамыту қорының желісі бойынша ақша бөлу қажеттігін атап өтті.

ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ, ҚР Премьер-Министрі:

– Сонымен қатар, қазіргі уақытта еліміздің ауыл шаруашылығы техникасы паркінің тозуы шамамен 76% құрайды. Өткен жылы отандық кәсіпорындар 15 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасын өндірді. Алайда, бұл жеткіліксіз. Дихандарға жаңа техника қажет. Сондықтан, өндіріс қарқынын арттыру керек. Ол үшін бізде барлық қажетті құралдар мен мүмкіндіктер бар.

Отырыста қаралған екінші мәселе – бұқаралық спортты дамыту және саламатты өмір салтын қалыптастыру. Бұл бағытта Үкімет 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдаманы бекітті. Оның аясында 2030 жылға қарай халықтың 50% дене шынықтыруға және спортпен шұғылдануға тарту міндеті тұр.

АСХАТ ОРАЛОВ, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

– Қазақстанда 43 мыңға жуық спорт нысаны бар. Соның 23 мыңнан астамы ауылдық жерлерде орналасқан. Биыл 113 жаңа спорт нысанын салу, сондай-ақ, 20 нысанды күрделі жөндеу және қолданыстағы 6 спорт нысанын қайта жарақтандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, қызмет көрсетіп тұрған мекемелерді түгендеу жұмыстары атқарылып, жөндеу істеріне және тиісті құрал-жабдықтарға қажеттілік анықталуда.

Дегенмен, бұл салада да проблемалар бар. Әлихан Смайылов кемшіліктерді жіпке тізе келе нақты дәйек келтірді. Бүгінде еліміздің бірқатар өңірінде спорттық нысандар жарамсыз күйге түскен. Ал кейбір облыстарда спорт залдары мүлде жоқ.

ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ, ҚР Премьер-Министрі:

– Қарағанды облысындағы Шұбаркөл көмір вахталық кентінде спорт залы қирап қалған. Ал Ақтөбе облысының Шиқұдық ауылындағы Теректі мектебінде спортзал жоқ. Бізде спортзалдары жоқ мектептер тек шағын ауылдарда ғана емес, сонымен қатар ірі қалаларда әлі де көп. Дене шынықтыру мұғалімдері мен кәсіби жаттықтырушылар жетіспейді.

Жиын соңында Үкімет басшысы өңірлерде саябақтарды, көшелерді, жағалаулар мен тұрғын үй аулаларын тренажерлармен, спорт алаңдарымен жабдықтауға ерекше назар аударуды талап етті. Сондай-ақ, бейінді министрліктерге әлемдік тәжірибені ескере отырып, дене шынықтыру жаттықтырушылары мен мұғалімдерін даярлау жүйесін қайта қарауды тапсырды.

 

Байболат Култанов