Елде екінші апта қатарынан әлеуметтік өнімдер арзандауда. Баға 9 тауар бойынша кемуде. Бұл Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында белгілі болды. Баға төмендеуінің ұзақтығы бойынша күнбағыс майы, қарақұмық, құс еті көш бастап тұр. Өткен аптада пияз, қант, сәбіз, картоп, ұн, тұздың баға индексі түсіпті. Сонымен қатар, жиын барысында ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов баяндама жасады. Ол 2024 жылғы маусымаралық кезеңге өңірлерде пияз және сәбіз бойынша ұсынылған көлем жиналғанын хабарлады. Қазір әкімдіктермен бірлесіп, картоп, қырыққабат, қарақұмық жармасы, күріш, күнбағыс майы, ұн және қантқа форвардтық келісім-шарттар жасасу бойынша жұмыс жалғасуда. Көптеген әлеуметтік өнім бағасының төмендеуіне қарамастан, қырыққабат, жұмыртқа, күріш бағасы әлі де өсуде.
СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
– Елдегі салыстырмалы түрде тұрақты жағдайға қарамастан, әкімдіктер әлеуметтік өнімдерді, ең алдымен, пияз бен қырыққабат бойынша келісім-шарт турасында белсенді жұмысты жалғастыруы қажет. 1 тамызға дейін күрішті жеткізуге және қажетті көлем бойынша алдын ала келісім-шартқа отыруға форвардтық келісім-шарттар жасасу қажет.
Алдияр Айтпаев