СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтар

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоаралық комиссия отырысы өтті

Облыстық әкімдік қабырғасында өңір жетекшісі Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті. Жиында 2 мәселе қаралды. Алғашқысы – білім саласындағы бармақ басты, көз қыстылық фактілерін анықтау, талдау және заң бұзушылықтарды болдырмау. Бұл тақырып бойынша мінберге бейінді департаменттің басшысы Сергей Перов шықты.

СЕРГЕЙ ПЕРОВ, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Статистикаға сүйенсек, білім беру – еліміздегі сыбайлас жемқорлық белең алған саланың бірі. Қылмыстық құқық бұзушылықтар саны бойынша тұрақты түрде үштікке кіреді. Мысалы, 2020 мен ағымдағы жылдың 5 айы аралығында Қазақстанда 343 факті тіркелді. Бүгінгі күнге дейін 143 адам сотталды.

Статистика көңіл көншітпейді. Баяндамасында Сергей Перов өңірге қатысты сандармен де бөлісті. Өкінішке қарай, солтүстікқазақстандық білім беру саласы өкілдері де сүттен ақ, судан таза емес. Екі жеп биге шығуды көздейтіндер түрлі тәсілмен мемлекеттің миллиондарын қалтаға басқан. Мысалы, Мағжан Жұмабаев ауданында әкімдік қызметкерлері ағылшын тілі пәні мұғаліміне 3 млн 400 мың теңге көлемінде
негізсіз қосымша ақы аударған. Бұл – тіркелген фактінің бірі ғана.

СЕРГЕЙ ПЕРОВ, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Қазіргі уақытта аудандық білім бөлімінің бұрынғы басшысы Рамазановаға қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. Ол 650 мың теңге ұсынып, мемлекеттік аудит қызметкерлерімен мәселені шешпек болған. Параның шенеуніктің қалтасынан шыққан ақша емес, бюджеттен ұрланған қаражат екені анықталып отыр. Сонымен қатар, Рамазанова жеке кәсіпкермен сөз байласу арқылы 7 миллион теңге көлемінде бюджет қаражатын жымқырған.

Ал мемлекет саланы дамыту, сапаны жақсарту мақсатында жылда қомақты қаржы бөледі. Сондықтан, жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты түп тамырынан жою – басты міндет.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Департамент орта және мектепке дейінгі білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау бойынша ауқымды талдау жұмысын жүргізді. Жыл сайын білім секторына жалпы бюджеттің үштен бір бөлігі бағытталады. Мысалы, биыл бекітілген қазынадағы қаржы 425 млрд теңгені құраса, соның 138 млрд теңгесі аталған салаға бөлінді. Осы қаражат есебінен еңбекақы төленіп, материалдық-техникалық база жаңартылуда, нысандарға жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Нақтырақ айтсақ, биыл 4,3 млрд теңгеге өңірдегі 49 білім беру нысаны жөнделіп жатыр. Облыста жаңа мектептер пайда болады. Оның екеуі Тайынша ауданында бой көтереді. Петропавлда 300 орындық түзету мектеп-интернатының құрылысы басталды. Сонымен қатар, 1 қыркүйектен бастап бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтылады. Бұл мақсатқа қазынадан 2,5 миллиард теңге бөлінген.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Біздің облыс білім сапасы бойынша үздік бестікке кіреді. ҰБТ-ның орташа балы жыл сайын өсуде. Мәселен, 20-шы жылы – 69, 21-де – 74, ал былтыр 74,9 болса, биыл 78,2 ұпайды құрады. Аудандар арасында Уәлиханов ауданы соңғы жылдары бірінші орыннан көріп жүр.

Өкінішке қарай, сыбайлас жемқорлық қылмыстары атқарылып жатқан жұмыстарды артқа тартады. Аймақ басшысы бұл білім басқармасы тарапынан жіберілген кемшілік екенін атап өтті.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Талдау нәтижесінде 20 сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталып, 34 ұсыныс берілді. Оның 18-ін жергілікті деңгейде шешуге тиіспіз. Ал бюджет қаражатын ұрлау бойынша 5 факті тіркелді. Шығын 87 млн теңгені құрайды.

Алдағы уақытта мұндайға жол бермеу үшін облыс әкімі бейінді басқарма өкілдеріне бірқатар тапсырма берді.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 20 тамызға дейін мектепке дейінгі мемлекеттік ұйымдар үшін бұлтты бухгалтерлік есеп жүйесін енгізуді тапсырамын. Аудан басшылары және Петропавл қаласы әкімімен бірлесе отырып, 2016-2020 жылдар аралығында жұмыс істеген мұғалімдердің тізімін заңсыз қосымша төлемдерге сәйкестігін тексеру керек. Жұмыс 1-ші қазанға дейін жүргілсін. Әкімдер, басқарма басшылары сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың, оның ішінде ведомстволық бағынысты мекемелерде қатаң сақталуын қамтамасыз етсін.

Бұдан кейін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және жолаушылар тасымалы саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелін сыртқы талдау нәтижесі бойынша сөз қозғалды.

 

Байболат Култанов