Өнеркәсіп

Қысқа қазірден қамдан

Көзді ашып-жұмғанша қаһарлы қыс та келеді. Теріскейдің аязы мен боранына қазірден қамданған жөн. Осы күні теміржол тұйықтарында көмір бар. Тонна-тонна қара отынды қазір алсаңыз, ертең күзде екі аяқ бір етікке тығылмайды. Кезекте тұрып, уақыт та жоғалтпайсыз. Бұл – жауапты серіктестік өкілінің пікірі.

ЕЛЕНА БЛАГИНИНА, «ПромИнвестУголь» ЖШС төрайымы:

– Тұрғындар көмір алып жатыр. Бірақ, халық бұдан да белсенді болғанын қалаймыз. Дәл қыстың қарсаңында таңнан кешке дейін кезек күткенше, қара отынды қазір алған дұрыс. Өзіміз таңғы 9 бен кешкі 5-тің аралында жұмыс істейміз. “Қаражыра” көмірін сатамыз. 1 тоннасы 17 200 теңгені құрайды. Былтыр 16 жарым мыңнан саттық.

Тасымалдау құны артқан, тариф көтерілген. Баға түрлі факторға байланысты өсіпті. Қазір көмір облыс бойынша 32 жерде сатылады. Соның 4-еуі Петропавлда орналасқан. Қоса кетейік, бүгінде шаһардағы теміржол тұйықтарында 2600 тонна қара отын қоры бар.

ӘДІЛБЕК ӘУБӘКІРОВ, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

– Петропавл қаласы бойынша көмір қажеттілігі 70 мың тоннаны құрайды. Бүгінде таңда 10 мың тонна дайындалды. Бұл – жалпы көлемнің 14,6 пайызы. Тұрғындарды жауапты кезеңге ерте қамдануға шақырамыз. Қазан-қарашаны күткенше, қысқа қазірден дайын отырған дұрыс.

Тапшылықты болдырмас үшін көмір тұрақты түрде жеткізілуі тиіс. Жергілікті билік қазір осы мәселені басты назарда ұстайды. Нәтиже жаман емес. Әзірге, вагондардың келмеуі, қара отынның жетпеуі және ұзын-сонар кезек сынды проблемалар байқалмайды.

ӘДІЛБЕК ӘУБӘКІРОВ, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

– Қара отын теміржол тұйықтарына біз ұсынған өтінімге сәйкес жеткізіліп жатыр. Яғни, тапшылық жоқ. Жақында жолға 4 мың тоннаға жуық көмір тиелген вагондар шықты. Көп ұзамай Петропавлға келуі тиіс.

Сөз соңында тағы облыстық дерекпен бөлісейік. Биыл өңір тұрғындарына 419 мың тонна көмір керек. Бүгінге дейін 82,4 мың тонна дайындалыпты. Қазір тұйықтарда 38,5 мың тонна қор бар. Ал қара отынның бағасы 12 мен 20 мың теңгенің аралығында құбылады.

 

Байболат Култанов