Ауыл шаруашылығы

Сүтті мал шаруашылығындағы жаңашылдықтар

Халықаралық қос шара Теннис орталығында жалғасын тапты. Кең залдың бір бөлігінде ауқымды көрме қанат жайған. Мұнда ауыл шаруашылығын дамытуға қажеттінің барлығы бар. Дені көпшілікке аса таныс емес. Мәселен, мынандай дрон теріскейде қолданылмайды. Ол көліктерді алмастыруға қауқарлы.

ТЕМІРЛАН ҚАСЕНОВ, «TerraTech» ЖШС директоры, Астана қаласы:

– Біз саудалайтын агродрондар алқаптарға минералды тыңайтқыш, химиялық сұйықтық бүркеді. Ыдысының сыйымдылығы 40 литрді құрайды. Мұндай жаңашылдықпен 1 ауысымда 150 гектарды өңдеуге болады. Қазір агродрондар шет елдерде кеңінен қолданылуда. Әсіресе, Қытайда жоғары танымалдылыққа ие.

Көрмеде шет елдердің де өндірушілері болды. Дмитрий Гринишин – нидерландтық компанияның өкілі. Ол жұмыс істейтін ұйым “ақылды ферма” жасайды. Заманауи кәсіпорында робот та бар екен. Жаңашылдық жақын арада өлкемізге келуі мүмкін.

ДМИТРИЙ ГРИНИШИН, FullwoodJoz компаниясының ТМД елдеріне сату жөніндегі директоры, Нидерланд:

– Робот түрлі тәттілер беру арқылы сиырды өзіне кіргізіп, сауады. Сүтті майлылығына, ақуызына қарай бөледі. Тіпті, маститпен ауыратын тұяқтының сүтін автоматты түрде анықтайды. Қазақстанда өндіріс жоғары қарқында дамып жатыр. Бұл бізді қызықтырады. Биыл бірнеше өңірде тың жобаны жүзеге асырмақпыз. Тізімде Солтүстік Қазақстан облысы да бар.

Көрме панелдік сессиямен жалғасын тапты. Көпшілік алдында облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов сөз сөйлеп, сүтті мал шаруашылығында аймақта атқарылған және атқарылып жатқан жұмыстардың әрқайсысына толығырақ тоқталды. Бұл бағыт дамуды қажет етеді. Халықты сапалы өніммен қамтып, импортқа тәуелдікті жою үшін республикалық палата іске ниетті жандарға көмектің жаңа түрін әзірлепті.

БЕРІК НЫҒМАШЕВ, “Сүтті және аралас ІҚМ тұқымы” республикалық палатасы директорының орынбасары:

– Тауарлы-сүт фермасын саламын деген адамға жобалық-сметалық құжатты, бизнес жоспарды әзірлеуге көмектесеміз. Сонымен қатар, шетелден келген мамандардың тәжірибесін игереміз.

Мұнымен тоқтауға болмайды. Республикалық палата фермалардың құрылысына Үкімет тарапынан көмек көрсетілгенін қалайды.

БЕРІК НЫҒМАШЕВ, “Сүтті және аралас ІҚМ тұқымы” республикалық палатасы директорының орынбасары:

– Қазір Үкімет тарапынан малға және құрал-жабдықтарға қаржы бөлінеді. Өкінішке қарай, құрылысқа қарастырылмаған. Ал құрылыс жалпы қаржының 60 пайыздайын құрайды. Осы мәселені көтеріп жатырмыз. Жеңілдетілген несие берілгенін қалаймыз.

Жалпы, халықаралық қос шара 600-ден аса жанның басын қосты. Қатысушылар 2 күн тәжірибе алмаспақ. Ертең бірсыпыра адам өңірдегі ірі тауаралы-сүт фермаларын аралап, жұмысты іс жүзінде көруді жоспарлап отыр.

 

Байболат Култанов