СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтарАуыл шаруашылығы

Сүтті мал шаруашылығын дамыту – басты міндет

Петропавлда “PRO Cүт. Трендтер ’23” 2-ші форумы мен “QazaqSut” 1-ші көрмесі бастау алды. Халықаралық деңгейдегі қос шара облыс орталығында бекерден-бекер өтіп отырған жоқ. Теріскейлік фермерлер соңғы жылдары мал шаруашылығында, нақтырақ айтсақ, сүт өндірісінде мол тәжірибе жинады. Соны өзгелерге тарату – мемлекеттің саясаты. Ауқымды басқосудың шымылдығын аймақ басшысы Айдарбек Сапаров ашты.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Шаруа қожалықтары нәтижелі өнім алу үшін үлкен жұмыстар атқаруда. Өздеріңізге белгілі, СҚО-да сүт фермаларын салу бойынша ауқымды пилоттық жоба жүзеге асуда. Тек биылдың өзінде 17 заманауи кешен салынуда. Бұл – сәтті жоба. Бүгін республика көлемінде жүзеге аса бастады. Сол себепті, сүт фермаларын салу және өнімділікті өсіру бойынша бүгін жақсы пікір алмасу болатынына сенімдімін.

Аққайыңдар өлкесінде көл-көсір сүт өндірісі оңайлықпен оң жолға қойылған жоқ. Пилоттық жоба аясында мемлекеттен миллиардтар бөлініп, еңбекқор азаматтар аз уақыт ішінде заманауи кешендер салды, сырттан мыңдап мал әкелді. Өнімділігі аса жоғары тұяқтылар халықаралық шара аясында көпшілік назарына ұсынылды. Қолданыстағы техника да көрсетілді. Жемісті жұмысқа дамудың даңғыл жолына түскен өңірге арнайы келген Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов жоғары баға берді.

РҮСТЕМ ҚҰРМАНОВ, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

– Қазір СҚО сүт өндірісін дамыту бойынша елімізде көшбасшы орынға ие. Біз осындағы тәжірибені тарату қажетпіз. Ол үшін қазынадан 11 аймаққа 100 млрд теңгеге тарта қаржы бөлінді. Қомақты ақшаға жер-жерде заманауи тауарлы-сүт кешендері салынады. Қаражаттың 17 млрд теңгесі осы облысқа тиесілі.

Халықаралық шарада ауыл шаруашылығы саласын дамытуға ауқымды үлес қосқан жандар түрлі дәрежедегі марапатқа ие болды. Ортаға жерлестерімізбен қатар, өзге өңірдің өкілдері де шықты. Көкшетаулық Бибігүл Тоқмұрзина ветеринарлық қауіпсіздік бағытында 25 жыл жұмыс істейді. Өзі басшылық ететін серіктестік аққайыңдар өлкесіндегі 30-дан аса шаруашылықпен тығыз байланыста екен.

БИБІГҮЛ ТОҚМҰРЗИНА, “Асыл Көкше Зооветснаб” ЖШС директоры, Ақмола облысы:

– Бүкіл Қазақстан бойынша жұмыс істейміз. Көп ауыл шаруашылығымен тікелей байланыстамыз. Бірге ветеринарлық бағдарлама әзірлейміз. Мақсатымыз – ауруларды болдырмау.

Марапаттау рәсімінен соң жиналған қауым даладағы көрмені тамашалады.

 

Байболат Култанов