Аптадағы маңызды жаңалықтарМәдениет

Сарытомарда Мағжанның тойы тойланды

АЛДИЯР АЙТПАЕВ, тілші:

– Бұл жарыққа аяқ басып туған жер,
Кіндік кесіп, кірім сенде жуған жер.
Ұлы ақын М.Жұмабаев жырға қосқан мекенде бүгін дүбірлі думан. Сасықкөл жағасы, Сарытомар ауылы маңында қазақ әдебиетінің жарық жұлдызының 130 жылдығы тойлануда. Тойға теріскейлік ағайын көптеп жиылған. Бүгін көпшілік бәсі биік бәсекелердің және қызықты концерттің куәсі болмақ.

Түркі дүниесінің ұлы ақыны атанған Мағжанның қазақ әдебиетіндегі орны айрықша. Тұлғаның мерейтойына қандай той жасалса да артық емес. Оның еңбегі ерен. Мұны Мемлекет басшысы да құттықтау хатында атап өтті.

ЕРЛАН ҚОШАНОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

– М.Жұмабаев – төл әдебиетіміздің көкжиегін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосқан қаламгер. Алаштың азаттық жолында аянбай күресіп, ұлттық рухтың жаршысы болған біртуар тұлға. М.Жұмабаев – қазақтың ғана емес, тұтас түркі жұртының мақтанышы. Ақынның Отанға деген шексіз сүйіспеншілігі толы жырлары халқымыздың жүрегіне жол тауып, руханиятымыздың алтын қорына енді.

Мағжанның мол әдеби мұрасына Айдарбек Сапаров та ерекше тоқталды. “Оның өміршең өлеңдері бүгінгі күнге дейін мән-маңызын жоғалтқан емес,”- деді облыс әкімі.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мағжан – қазақтың ұлы жазушысы, ақын, публицист, педагог және қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі. Белгілі ақын Валерий Брюсов Мағжанның дарындылығын және жан-жақтылығы үшін қазақтың Пушкині деп атаған. Жерлес ақын Қазақстанда алғашқылардың бірі болып Шығыс және Еуропа мәдениетін тоғыстырған ақындар шоғырына жатады. М.Жұмабаев аса білімді тұлға болған. Қазақ, араб, парсы, түрік, татар тілдерін білген. Ұзақ жылдар бойы тыйым салынған Мағжанның өлеңдері шығыс елдерінде халық жадында сақталды. Оған әндер жазылды. Соның арқасында Мағжанның мұрасы бүгінгі күнге дейін жетті.

Шара шымылдығы ашылғаннан кейін ағайын той алаңын аралауды бастады. Сахна маңында жергілікті шеберлер шатыр тіккен. Онда 10 саусағынан бал тамған жерлестеріміз өз қолдарымен жасаған бұйымдарды сатуда. Көпшіліктің қызығушылығы Болатбек Қалдыровтың астауына ауды. Азамат ата кәсіппен 16 жыл бойы айналысуда.

БОЛАТБЕК ҚАЛДЫРОВ, қолөнерші:

– Өзім осы ауданда туып-өскенмін. Қазір Қызылжар ауданында тұрамын. Бұл істі ағаларымнан үйрендім. Қазіргі таңда бұл іске өз ниетімді толықтай бұрып отырмын. Астаудан бөлек әр түрлі кәдесыйлар мен шоқпар жасаймын. Көбінесе іске ағаш пен былғары және темірді қолданамын.

Тойда толағай теріскейліктер де қазақ күресінен сынға түсті. Ұлттық спорт ұлықталып, думан көркін қызды. Алғашқы жұптардың бірі болып боз кілемге тайыншалық палуан мен петропавлдық Әлібек Госманов шықты. Қызылжарлықтың мықтылығы айқын көрінді. Қарсыластың аяғын тепсе темір үзер орап алып, жамбасқа лақтырды. Осылайша таза жеңіске қол жеткізді.

ӘЛІБЕК ҒОСМАНОВ, палуан, Петропавл қаласы:

– Той жоғары деңгейде өтіп жатыр. Бұл жерге палуандар мықты дайындықпен келіп отыр. Біреуі де осал емес. Әлі ек-үш кездесу өткіземін. Қазір соған дайындаламын. Қазақ күресімен 10 жылдан бері айналысамын. Мұндай тойларға командамызбен шығамыз.

Жеңіске жігіттердің әрбірінің таласы бар. “Не бел, не белбеу кетеді” деген қағиданы ұстанған палуандар өзара біраз тартысты. Нәтижесінде арнайы белбеу мен 500 мың теңге Уәлиханов ауданының белді спортшысы Алтынбек Аусағитовқа бұйырды.

Облыс орталығында басталған жыр бәйгесі Сарытомарда мәресіне жетті. Халықтың зор қошеметінен от алған 6 айтыскер Мағжанның моншақ жырларына, ерең еңбегіне тоқталды. Қазылардың шешімі бойынша алматылық Шұғайып Сезімхан бас жүлдеге лайықты деп танылды. Шалқар шабыт иесіне су жаңа автокөліктің кілті табысталды.

ШҰҒАЙЫП СЕЗІМХАН, айтыскер ақын, Алматы қаласы:

– Қасиетті топырақ, ұлылар туған мекенде алып жатқан бас жүлденің орны бөлек. Бұған дейін де бірнеше рет бас жүлде алдық. Бірақ, Мағжан тойындағы жүлдені алғаныма ерекше қуанып тұрмын. Қолдау берген Қызылжар халқына алғыстан басқа айтарым жоқ. Жақсы күндерде жолығайық. Қазақ барда Мағжан өлмейді. Қазақтың айтысы жасай берсін!

Мағжанның мекенінде ат дүбірі де естілді. Тұла бойлары күшке толы келісті тұлпар тізгіндеген шабандоздар бәйгеде топтасты. Бірінші болып қысқа қашықтықта сайыстар ұйымдастырылды. Соңы аламанға ұласты.

Аламан- нағыз мықтылардың сайысы. Додаға кез келген ат шыдас бермейді. Кейбірі болдырып, жарыс жолынан шығып жатады. Шабандоз да аса сақ болуы тиіс. Тізгіндеген тұлпар басын қай кезде, қай уақытта жіберуі қажет екендігін сезіне білу керек.

20 шақырымға алғашында бірлесе шапқан шабандоздар кейін бірнеше топқа бөлінді. Соңғы айналымда қос алматылық және астаналық аттар қатар шапты. Ағайын қиқуға салып, тағатсыздана жеңімпазды күтті. Оңтүстікастаналықтар бәйгеге қосқан тұлпарлардан елордалық “Қыран” атты жүйрік соңғы сәтте озып, мәре сызығын бірінші болып кесті.

ИСЛАМ НҰР, шабандоз, Алматы облысы:

– Басында бір ат қашты. Оның артынан “Жұмбақтас”, “Сайгон” мен менің атым шапты. Соңғы айналымда осы үшеуіміз бірге кеттік. Бұрылыста мен алға шықтым. Осылайша бірінші орын алдым. 6 жыл болды атқа мініп, шауып жүргеніме. Біз алматы облысында ат дайындаймыз.

Аламанда ат оздырған шабандозға су жаңа автокөліктің кілті берілді. Ал жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар табысталды. Осылайша тойдан ағайын керемен көңіл күйде, мол әсермен тарқасты.

 

Алдияр Айтпаев