Мәдениет

Мағжан оқуларының республикалық кезеңі өтті

Петропавлда мектеп оқушыларының арасында өткен шығармашылық сайыс мәресіне жетті. Республикалық кезеңге қатысуға мүмкіндік алған небір мықтылар өңірімізде өнерлерін ортаға салды. 70-ке жуық ұл-қыздың басын косқан әдеби байқау – ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдық мерейтойына орай ауқымды түрде өтті.

Жарыс үш номинация бойынша өткізілді. Біріншісінде қатысушылар Мағжан шығармаларын жатқа айтса, екіншісінде біртуар тұлғаға арнап шығарған өз өлеңдерін оқып берді, ал үшінші сайыс – ғылыми жоба жұмысы. Аягөздік жас ақын Аяулым Мейрамхан «Ақын да бір бала ғой айға ұмтылған» сайысы бойынша бақ санамақ. Мағжанды жырына арқау қылған бұрымдының қоржынында 300-ге жуық өлеңі бар. Сөз қадірін жете түсінетін ару жеңіске жететініне нық сенімді.

АЯУЛЫМ МЕЙРАМХАН, Мағжан оқуларына қатысушы, Абай облысы:

– Осы қасиетті Қызылжар өлкесіне келіп, Мағжан ақынның сайысына қатысып жатқаныма қуаныштымын. Осы жарыс барысында ақынның өмірбаянымен, тарихымен түпкілікті таныса алдым деп ойлаймын. Бүгінгі қатысушыларға сәттілік тілеймін. Мағжанға арнаған екі өлеңім бар.

«Жасынан оқу оқып, білім қуған» атты номинациясына көптің бірі болып суырылып шыққан Мағжан Құдайберген қатысты. Алғыр баланы ақиық ақынның өмірбаяны қатты қызықтырады. Мағжан жоба жазуды осы көктемде бастаған еке. Айтуынша, бұл – өміріндегі алғашқы және ауқымды жұмысы. Бірінші рет жоба қорғап, республикалық кезеңге өткеніне аң-таң болса да қуанышты.

МАҒЖАН ҚҰДАЙБЕРГЕН, Мағжан оқуларына қатысушы, Қарағанды облысы:

– Жалпы, ғылыми жоба туралы айта кететін болсам, Қазақстан телеарнасында «Мен жастарға сенемін» деген телесериал көрсетілімге шыққан болатын. Соны көру арқылы елге, жерге деген махаббатым ашылып, шабыттандым. Сол дәуірде бабаларымыз ұлтына қалай адал, ақысыз, пұлсыз қызмет еткен болса, біз де солардан үлгі алып, егемен елімізге адал болуымыз керек.

Мағжан – қазақ поэзиясында жарқын жырларымен от шашып, өшпес із қалдырған асыл тұлға. Ақынның лирикаға толы шығармасы осындай байқаулар арқылы мәңгі жаңғырып тұрмақ.

НҰРЛАН САДЫҚОВ, облыстық білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының әдіскері:

– Барлығы білетіндей, Мағжан – қазақтың ғана емес, барша түркі тілдес халыққа аты шыққан ақын. Біздің ұлтымыздың идеологы. Бұл жарыстың мақсаты – дарынды жастар, оқушыларымыз Мағжанның шығармашылығын ғылыми жағынан әрі поэтикасын зерттеп, халыққа әйгілеу. Бұл – дарынды балалардың сайысы. Мағжанның философиясын меңгерген бала жоғары деңгейде ойлай алатын бала болып есептеледі.

Үш күнге созылған додаға қатысамын деп өңірімізге ат терлетіп келген қонақтар құр қайтпады. Жеңімпаздар анықталғаннан кейін ұл-қыздар Мағжанның туған жерімен танысуға мүмкіндік алды. Олар Сарытомар ауылына барып, мерейтойға арналған іс-шараның куәсі болып қайтты.

 

Акжунис Мухатай