Мәдениет

Мағжан рухына тағзым

Бір апта бойы бұлт басқан аспан бүгін шайдай ашылды. Ауа райының өзі Алаш арысына құрмет көрсеткендей. Осындай тамаша күнде жұртшылық М. Жұмабаевтың рухына тағзым ету үшін ескерткішіне жиналды. Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресей елінен белді тұлғалар келді. Жиналған қауымды облыс әкімі Айдарбек Сапаров бастап ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Жанат Мүслімов – ақынның туысы. Ол – Мағжанның ағасы Абамүслімнің немересі екен. Мейман Астана қаласынан арнайы келген.

ЖАНАТ МҮСЛІМОВ, М.Жұмабаевтың туысы:

– Атамыздың өмірі өте қиын болды. Репрессияға ұшырады. Осы 130 жылдыққа арнайы жиналып отырған халықтың бәріне ризамын.

Мағжан Жұмабаев тұтас түркі әлемін мақтан етіп, оларды бірлікке шақырды. Алаш арысы түркі тарихынан ойып тұрып орын алды. Ақынның аты Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде де ұлықталуда. Мағжанды ерекше қадір тұтатын елдердің бірі – Әзірбайжан. Осы орайда көршілес мемлекеттен ат терлетіп арнайы келген қонақ – Рейхан Дадашева.

РЕЙХАН ДАДАШЕВА, Әзірбайжан мемлекеттік педагогикалық институтының оқытушысы:

– Алғаш рет Әзірбайжан елінде М.Жұмабев есімі 2009 жылдан бастап атала бастады. Еліміздің зерттеушісі Али Шамиль “Түркішілдіктің құрбандары” деген еңбек жазды. Оның ішінде М.Жұмабаев та бар. Сондай-ақ, 38-шы жылы құрбан болған боздақтардың өмірін зерттеу үстіндеміз. Тек әзірбайжандар ғана емес, оның ішінде қырғыздар, қазақтар, татар және т.б, ұлт өкілдері бар. Әзірбайжан жастары Мағжанды жақсы таниды деп айта аламын.

Александр Жұмабаев – Мағжанның інісі Сабыржанның немересі. Мағжан репрессияға ұшырағаннан кейін Кеңес өкіметі ақынның туыстарына қатты қысым көрсеткен. Сондықтан, олардың көбіне есімдері мен тегін өзгертулеріне тура келіпті.

АЛЕКСАНДР ЖҰМАБАЕВ, М.Жұмабаевтың туысы, Теміртау қаласы:

– М.Жұмабаев – менің атам Сабыржанның үлкен ағасы. Атам әрдайым оны сағынышпен еске алатын. Қасынан бір елі ажырамаған екен. “Мағжан секілді адам әлі бұл өмірге келген жоқ”-, деп айтатын еді. Қилы заманда адамдарға репрессиядан қашу үшін аты-жөнін өзгертулеріне тура келген. Бірақ, менің атам өзгерткен жоқ. Себебі, ол өте батыл болған. Мектепте оқып жүрген кезімде маған қатысты да тергеу жұмыстары жүргізілді. Бірақ, қорықпастан Мағжанның ұрпағымын деп еркін айтатын едім.

44 жасында ату жазасына іліккен М.Жұмабаев тек 1960 жылы ғана ақталды. Алайда, ақын шығармаларын жариялауға толық рұқсат берілмеді. Араға 28 жыл салып, 88 жылы екінші рет ақталды. Ал жұртшылық оның мол мұрасымен Қазақстан тәуелсіздік алған кезде ғана таныса алды.

 

Аснурия Абдула