Қоғам

Келісу комиссиясы заң аясында жұмыс істеуі тиіс

Келісу комиссиясы. Бұрын-соңды бұл жайлы естіп пе едіңіз? Түсіндіре кетейік, аталған арнайы топ әрбір мемлекеттік ұйым мен кәсіпорында болуы тиіс. Оның міндеті – мекемелерде орын алатын түсініспеушілікті шешу. Ұйымға кәсіпорындардың мамандары мүшелік етеді. Бүгін комиссия жұмысы кәсіпкерлер палатасында өткен семинарда талқыланды.

ОЛЬГА РАХМАТУЛИНА, “СҚ ЭЖТК” АҚ кәсіподақ ұйымының төрағасы:

– Келісу комиссиясы күнделікті өмірде туындайтын еңбек жанжалдарын шешуде өте маңызды рөл атқарады. Бүгін семинарда оның жұмыс істеу принциптері, құзыреттілігі жөнінде сөз қозғалады. Түйткілді шешу барысында комиссия мүшелері кәсіпорын басшылығынан қандай құжаттарды талап ете алатындығы жайында айтамыз. Сондай-ақ, көп кездесетін жағдайларды қарастырамыз.

Істің байыбына бару үшін комиссия мүшелері мына екі жағдайды ескерулері қажет. Біріншіден, мамандар еңбек кодексін білулері тиіс. Екіншіден, түйткіл туындаған жұмыс орнындағы қандай да бір өзгерістерді біліп отырулары керек. Бұл мәселені болдырмауға немесе оны тез шешуге ықпал етеді. Жиынға Киров зауытынан қатысқан Алексей Сафонов көп кездесетін проблемаға тоқталды. Азамат зейнет жасындағы жандардың мұң-мұқтажын тізді.

АЛЕКСЕЙ САФОНОВ, “С.М.Киров атындағы зауыт” АҚ қызметкері:

– Талай жылдан бері мемлекеттік мекемеде немесе кәсіпорында тер төккен маман зейнет жасына тола сала жұмыстан шығады. Өтінішті азаматқа жұмыс беруші мәжбүрлі түрде жазғызады. Кейін қос жақ қайта бір жылдық келісімге қол қояды. Мерзім бітпей жұмысшы қайта жұмыссыз қалады.

Бұл мәселеге кәсіподақ араласады. Жұмыс беруші және жұмысшымен әңгімелесу жүргізіледі. Нәтижесінде азамат өз қызметінде қалды. Осындай түйткілдер екі күнде шешімін тауып жатады. Бұл әдіс бүгінгі тренингіге арқау болды.

ИНЕССА ҚУАНОВА, СҚО кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы:

– Келісу комиссиясының мүшелері жанжалды жағдайды қараған кезде фактілерге сүйенулері керек. Құр сөзге жол берілмеуі тиіс. Сондай-ақ, жұмыс берушінің өз басымдығын пайдаланып кетпеуін де бақылау қажет. Мамандар еңбек кодексі жайлы тиісті заңдарды білулері тиіс. Мәселенің шешімі заң тұрғысында ғана шығарылуы тиіс.

Семинарда айтылғанды мамандар жұмыста айна-қатесіз қолданулары керек. Шара соңында қатысушыларға сертификаттар табыс етілді.

 

Алдияр Айтпаев