Қоғам

Балта тиген орманның орнын толтыру – міндет

Орман ресурсын пайдаланушылар қоршаған ортаға зиян келтірмеуі керек.
Шабылған әр ағаштың орнын толтыру қажет. Осы және өзге де мәселенің жай-жапсарын білу мақсатында облыстық қоғамдық кеңестің мүшелері Бескөлдегі “Ахмутдинов” жеке кәсіпкерлігіне келді. Бұл – өңіріміздегі үздік ағаш өңдеуші кәсіпорындардың бірі. Кәсіпкерлік жылына 25 мың текше метр ағаш пайдаланады екен. Оның өзі жасы 60-тан асқан жасыл желек. Себебі, ағаш қартайған сайын оның қалпына келу процесі тоқтайды екен.

СЕРМҰХАМЕТ ОРАЛҰЛЫ, «Ахмутдинов» ЖК директоры, Қызылжар ауданы:

– Біздің міндет – орманды шабу емес. Оның қайта өсуіне жағдай жасау. Қалпына келтіру. Әрдайым көгалдандыру жұмыстарын жүргіземіз. Мысалы, биыл көктемде 200 гектардан астам жерге ағаш отырғыздық.

Ал, ағаш отырғызу процесі арнайы техниканың көмегімен жүзеге асырылады. Олардың өзі озық үлгідегі екен.

СЕРМҰХАМЕТ ОРАЛҰЛЫ, «Ахмутдинов» ЖК директоры, Қызылжар ауданы:

– Орманды қалпына келтіру жұмыстарында пайдаланылатын техника – италиялық. Құны қомақты. Мұндай озық технология Қазақстан бойынша жоқ деп айтар едім.

“Ахмутдинов” жеке кәсіпкерлігінде университетпен бірлесіп салынған жылыжай бар. Мұнда биолог мамандар тәжірибелерін жүзеге асырады. Жергілікті жердің климатына бейімделіп өскен өсімдік түрлері манағы кесілген ағаштардың орнына егіледі. Бұл орман қорын толтырып қана қоймай оның алуан түрлілігін дамытуға ықпал етеді.

ТИМУР ЗВЕРЯЧЕНКО, М.Қозыбаев атындағы СҚУ доценті:

– Жылыжай облыс орталығы мен өзге елді мекендерді көгалдандыру мақсатында салынған. Биыл осында өскен өсімдіктерді университет маңына ектік. Ерекше жобалардың бірі – грек жаңғағын өсіріп жатырмыз. -35 градус аязға дейін төзімді келеді екен. Сондай-ақ, Канададан қара және сұр жаңғақ түрлерін алдырттық. Алдағы уақытта оларды да егіп көрмекпіз.

“Ахмутдинов” жеке кәсіпкерлігі “қалдықсыз өндіріс” принципімен жұмыс істейді. Мұнда ағаштан 50-ден астам өнім жасалады. Тіпті, қалған-құтқанының өзінен көмір алынады екен. Бұл – кесілген қайыңның әрқайсысы түгелдей кәдеге жаратылады деген сөз.

Жалпы, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша 12 орман шаруашылығы бар. Бейінді басқарма маманы Василий Лабанчуктың айтуынша, өңірде жылына 500-550 мың текше метр ағаш отын ретінде пайдаланылады. Бұл іс тек арнайы билеттер негізінде ғана жүзеге асырылады. Кейін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі.

ВАСИЛИЙ ЛАБАНЧУК, СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:

– Міндетті түрде жыл сайын ағаш отырғызу жұмыстары жүргізіледі. Облысымызда 2020 жылғы жоспар бойынша 5 жылда 100 млн ағаш отырғызу жоспарланған. 21-ші жылы 2,7 млн ағаш ектік. Былтыр атқарылған істің көлемі 6,9 млн дананы құраса, биыл көктемде 7,7 млн қайың және қарағай отырғыздық. Күзде 21 млн түп ағаш егеміз.

Жалпы, ормандардың аумағы әрдайым “Қазақстан Ғарыш Сапары” порталы арқылы бақыланып отырады. Сондай-ақ, ел көлемінде “Orman. kz” бағдарламасы жұмыс істеп тұр. Жүйе егілген ағаш көлемін бағамдауға мүмкіндік береді.

 

Аснурия Абдула