ТЖ

Құтқарушылар студенттерге қауіпсіздік ережелерін түсіндірді

Адам шомылу кезінде өміріне қауіп төнгенін сезген жағдайда немесе өрт орын алған кезде не істеуі қажет? Бұл сұраққа төтенше жағдайлар қызметінің мамандары Қозыбаев университетінің студенттерімен өткізген кездесуде жауап берді. Бірінші ереже – рұқсат етілмеген жерде шомылмау. Ал тілсіз жау бас көтерсе тез жанып кететін заттарды оттан алыстату қажет. Кейін оны сөндіруге кірісу керек. Жиын барысында мамандар қыз-жігіттерге арнайы құрал-жабдықтары мен киімдерін көрсетті. Экспонаттарды медициналық факультеттің студенттері қызыға қарады.

АНГЕЛИНА БУТКО, М.Қозыбаев атындағы СҚУ студенті:

– Мұндай шараларды ұйымдастырып отыру қажет. Мектепте де мұғалімдер қауіпсіздік ережелерін айтып отыратын. Бүгінгі жиын өзім үшін пайдалы болды. Біраз ақпар алдым. Түбінде балдыр қаптаған суға баруға болмайды және дауылды ауа райы кезінде шомылмау керек.

Мамандар судан құтқарылған адамға алғашқы көмекті қалай көрсету қажеттігін баяндауда. Әуелі көмекке мұқтаж жанды судан шығарып, тізеге кеудемен жатқызу керек. Содан кейін арқасынан басу қажет. Осы ретте статистикамен бөлісе кетейік. Өзен-көлдердегі қайғылы жағдайдың 90% алкогольдің кесірінен болады.

ҚАУАТ МАХМЕТОВ, СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері:

– Бұл семинардың негізгі мақсаты – адамдарға ережені еске түсіру. Облысымызда мұндай шаралар тұрақты түрде өткізіліп отырады. Қаламызда суға түсуге арналған 2 орын бар. Егер адам суға түсіп жүріп алысқа кетіп қалса, өзіне көмек шақыруы қажет. Саспай, сабырлық сақтауы керек.

Қоса кетейік, шомылу маусымы басталғаннан бері республика бойынша 42 адам суға батып кеткен. Оның ішінде 17-сі – бала. Ал өңірде жуырда 67-ші жылғы петропавлдық Есіл өзенінде ажал құшты.

 

Гульден Симбаева