Мәдениет

Қазақ даласының нұры – Мағжан Жұмабаев

1893 жылы маусымның 25-інде қазақ халқының аспанына жарық жұлдыз бітті. Ол – Мағжан Жұмабаев. Бүгінде нар тұлғаның туғанына 130 жыл толып отыр. “Ақынды елі елемесе, сол қайғы” дегендей Алаш арысының ұлылығын ұлықтау мақсатында өңірімізде көптеген шаралар өтуде. Осы орайда С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада “Қазақ даласының нұры” атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Жиынға зиялы қауым өкілдері қатысып, баяндама оқыды.

ЖАҚСЫБАЙ САМРАТ, жазушы, журналист:

– Мағжан Жұмабаевтың халқымызға істеген еңбегі өте зор. Біз оны ешқашан ұмытпаймыз. Туған күнін әр 5 жыл сайын кең көлемде атап өтеміз. Біздің облысымызда Жарасбай Сүлейменов ағамыз Мағжанның энциклопедиясын құрастырған. Сонда барлық шығармалар топтастырылған. Сондай-ақ, көп зерттегендердің бірі – Зарқын Тайшыбай атамыз. Сәуле Мәлікова, Жанар Таласпаева, Сабыр Сеңкібаев зерттеуге көп үлес қосқан.

Шынар Мәдиева – М.Жұмабаевтың немере інісінің шөбересі. Нәзікжанды өзі мұғалім екен. Ұлы атасын мақтан тұтатындығын жеткізді.

ШЫНАР МӘДИЕВА, М.Жұмабаевтың немере інісінің шөбересі:

– Мен өзім мұғаліммін. Мағжанның “Педагогика” деген кітабы бар. Ол кісі ақын ғана емес, педагог және психолог болған. Баланы бесіктен бастап қалай тәрбиелеу керектігі жөнінде жазған. Мен орыс мектебінде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беремін. Сонда орыс балаларға Мағжанның өлеңдерін жаттаттым. Үйреттім. Ақын туралы айта бастасам балалар сүйсіне тыңдайды.

М.Жұмабаевтың ғана емес, оның отбасының әр мүшесі мықты болған. Мысалы, Бибізәйіб Бекенова туралы екінің бірі біле бермейді. Ол – ақынның немере келіні әрі жиені. Мағжанның поэмасы “Батыр Баянды” жатқа білген. Шынар Мәдиева әжесі Бибізәйіб туралы қызықты дерекпен бөлісті.

ШЫНАР МӘДИЕВА, М.Жұмабаевтың немере інісінің шөбересі:

– Мағжанның 100 жылдығында біздің үйге Алматыдан бір жазушы келді. Аты-жөні есімде жоқ. Әжемнен Мағжан туралы сұхбат алады. Әжем Мағжанның Мәскеуде оқып жүрген кезіндегі Достоевскиймен бірге түскен суретін тығып жүреді. Сосын оны сол кісіге береді. Бұрынғы кезде қазақ әдебиеті ауызша тарағанын білеміз. Ал, әжеміз “Батыр Баянды” жатқа білген. Алматыдан келген жазушы соны айтқан кезінде жазып алған. Бірақ, әжемнен жазғанын айтпаған. Жарық көрген “Батыр Баян” кітабы менің әжемнің арқасы дер едім.

Ақынның ақыны Мағжан мұрасы ешқашан өшпейді. Бүгінде қаламыздың өзінде Алаш арысының 3 ескерткіші бар. Сондай-ақ, жоғары педагогикалық колледж пен IT лицейге ақынның есімі берілген. Петропавлдағы орталық көшелердің бірі М.Жұмабаевтың атында.

 

Аснурия Абдула