Экология

Биыл Есіл ауданында 347 гектар аумаққа көшет отырғызылады

Есіл – өңіріміздегі жасыл желегі мол аудан. Мұндағы мамандар ормандарды одан әрі молайту мақсатында тер төгіп жатыр. Қазір ауданда 3 гектарды құрайтын бақша жұмыс істеп тұр. Биылғы көктемде қызметкерлер бақшаның бір бөлігіне қарағай тұқымын еккен. Жоспар бойынша 2 жылдан кейін өскіндер пайда болады. Олар өртенген және кесілген ормандардың орнына егіледі.

ОЛЕГ ДЕВЯТАЙКИН, Есіл орман шаруашылығының бас инженері, Есіл ауданы:

– Қазір бақшаның бір бөлігінде екі жылдық 360 мың түп қайың өскіні өсіп тұр. Біз оларды күзде қазып алып, өртенген ағаштардың орнына егеміз. Есіл орман шаруашылығының жалпы ауданы 32 мың гектарды құрайды. Биыл 347 гектарға көшет екпекшіміз. Есіл ауданында барлығы – 24 орманшы қызмет етеді.

Елімізде жасыл желекке қатысты бірқатар проблема бары жасырын емес. Негізгі мәселенің бірі – орманды алқаптардың азаюы. Қазір республикада осы түйткілді шешу мақсатында құрылған бағдарламалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – “Жасыл Қазақстан” ұлттық жобасы. Аталған бастама аясында 2 жылдың ішінде елде 400 млн-нан астам көшет отырғызылмақ. Соңғы Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2 млрд түп ағаш егуді тапсырды. Президент іске немқұрайлы қарауға болмайтынын айта келе, жауапты тұлғаларды ормандарға лайықты орындарды анықтау үшін ғалымдармен және жұртшылықпен бірлесіп, кәсіби талдау жүргізу қажеттігін айтты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қоғамдық бақылау құралы ретінде интерактивті карта дайындау қажет. Сол арқылы экология саласында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы мен тиімділігін қадағалауға болады. Үкіметке 2021-2025 жылдарға арналған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын әзірлеуді тапсырамын. Әсіресе, қоршаған ортаны қорғау ісіне қажетті барлық көрсеткіштерді цифрландыру – маңызды міндеттердің бірі.

Ағаш бір жылда өсіп, жапырақ жаймайды. Оның бой түзеуіне бірнеше жыл керек. Осындай пікірдегі орманшылар өз кезектерінде тұрғындарды табиғатты аялауға шақырады.

 

Гульден Симбаева