Спорт

Петропавлда кекушинкай каратеден облыстық турнир өтті

Өңірде балалар арасында кекушинкай каратеден ашық чемпионат өтті. Жарысқа 4 пен 11 жас аралығындағы 500-ге жуық жасөспірім қатысты. Алғашқылардың бірі болып Богдан Якубенко 23 келі салмақта өнер көрсетті. Қос спортшы да бір-біріне айқын әрі салмақты соққы жасап дес бермеді. Алайда, ептілігінің арқасында Богдан жеңіске жетті.

БОГДАН ЯКУБЕНКО, жарысқа қатысушы:

– Мен қарсыласымды тыңғылықты дайындықтың нәтижесінде жеңдім. Осы спортқа ата-анам әкелді. Бүгінде 1 жыл болып қалды. Әзірге, жетістіктерім жоқ.

Владимир Витченконың айтуынша, бүгінгі доданы өткізудегі мақсат – биылғы жылдың үздік спортшысын анықтау ғана емес, жас буынды спортқа баулып, шымыр боп өсулеріне ықпал ету.

ВЛАДИМИР ВИТЧЕНКО, Бүкілқазақстандық кекушинкай карате ұйымы облыстық филиалының директоры:

– Біз бүгін категория бойынша мықты деген балаларды анықтаймыз. Кейін олар облысымыздың намысын қорғайды. Өңірде 2 мыңға жуық бала осы спорт түрімен айналысады. Арнайы жаттығулардан өткендер ғана дәрежелік белдік ала алады. Спортшылар европалық, азиялық деңгейдегі және Америка, Япония сынды көптеген елдерде өткен жарыстарда жеңіске жетіп жүр.

Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар дипломдармен және медальдармен марапатталды. Жыл сайын бұл спорт түріне 200-300-ге жуық бала келеді. Бүгінде кекушинкай карате балалар арасында зор сұранысқа ие. Бұл – қуантарлық жағдай, өйткені дені сау жастар – ел болашағы.