Қоғам

СҚО-да «TULGA BOL» жылжымалы жәрмеңке және консультациялар жобасы іске асырылуда

Федор Здукович құрылыс саласына қатысты жеке кәсібін ашқысы келеді.
Бірнеше жылдық арманын бизнес ашу қиын деген оймен кейінге шегеріп келген әрі неден бастарын, қайда жүгіну қажеттігін жөнді білмепті. Бүгін сұраққа жауап алудың сәті түсті. Орталық алаңда жұбайымен серуендеп жүрген қала тұрғыны жол-жөнекей «Damu» орталығының мамандарына жүгінді.

ФЕДОР ЗДУКОВИЧ, қала тұрғыны:

– Кәсіпкерлікке енді ғана қадам басқалы жатқандарға қиын. Себебі, бәсекелестік өте жоғары. Бүгін мамандардан бизнесімді бизнесті дұрыс бастау және оны тиімді жүргізу туралы сұрадым. Сұрақтарыма толыққанды жауап берді. Өзіме қажетті ақпараттың бәрін алдым.

Жалпы, бүгінгі шара республикалық «TULGA BOL» жылжымалы жәрмеңке және консультациялар автобусы жобасы аясында өткізілуде. Негізінен, жастарды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарлама оларды жұмыспен қамтуға ықпал етеді. Жәрмеңке ұйымдастырушылардың айтуынша, қазір өңірде жас мамандар тапшы.

СӘЛІМХАН СӘБИТОВ, «Қоғамдық даму және ақпарат орталығы» КММ бөлім нұсқаушысы:

– Қазіргі мәселелердің бірі – жастарға лайықты жұмыс табу және баспана мәселесі. Арнайы жалданған автобуспен шақырылған мамандарымыз, олар: «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, «Дамудың» өкілдері және жұмыспен қамту орталығының мамандары да бар. Олар жастармен барлық ақпаратпен бөлісіп, қазіргі уақытта мемлекет тарапынан жастарға қандай қолдау көрсетіліп жатыр, қандай гранттар беріліп жатыр, не үшін гранттар беріліп жатыр, қандай бос жұмыс орындары бар? Сол туралы ақпаратты толық беретін болады.

Сәлімхан Сәбитов бүгінгі шараның тиімділігіне тоқталып өтті.

СӘЛІМХАН СӘБИТОВ, «Қоғамдық даму және ақпарат орталығы» КММ бөлім нұсқаушысы:

– Қазіргі уақытта жастармен кездесу жиі өтіп тұрады. Олардың тарапынан біз білмейміз деген сұрақтар туындап отырады. Енді оларға өзіміз шығып отырмыз. Тиімділігі бар деп есептеймін. Себебі, біреу оқуда, біреу жұмыста отырса, теледидардан көріп отырады, газет мүлдем оқымайды, мысалы. Сондықтан, ақпаратты олар расында да аз алады. Алатын жер тек әлеуметтік желілер. Соның өзінде бос жұмыс орындары туралы толық ақпарат беретін ұйымдар аз. Сондықтан, әлеуметтік желілерде де ақпарат толық емес деп есептеймін.

Жалпы, жылжымалы жәрмеңке бір айға жалғасады. Шара өңіріміздің барлық ауданын қамтиды. Кейін консультация алған жастарға шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, жұмысқа орналасуға көмек көрсетіледі.

 

Самал Жунусова