Қоғам

СҚО-да 500-ден астам жазасын өтеуші еңбекпен қамтылған

Металдан және ағаштан жасалған бұйымдар, жұмсақ ойыншықтар, ыдыс-аяқ, киім-кешек пен өзге де дүниелер. Бұлардың барлығы – өңірімізде жазасын өтеп жатқандардың жұмысы. Темір тордың ар жағындағы шеберлер күніне 6-7 сағат жұмыс істеп, жалақы алады. Көбісі тапқан табыстарымен сот белгілеген берешекті өтейді. Сондай жанның бірі – Айтуар Ахтанов. Дарынды жігіт металдан кез келген дүниені әзірлейді.

– Это сейф с отсеками для инструментов, для тех или иных деталей.

Бұл жұмыс 3 күнді қажет етеді. Бостандықта Айтуар дәнекерлеуші болып еңбек етіпті.

АЙТУАР АХТАНОВ, жазасын өтеуші:

– Жеке кәсіпкерлікте 1 жылдан астам еңбек етемін. Жазамды өтеп жатқаныма да 1 жылдан асты. Мұнда бірден жұмысқа қабылдандым деуге болады. Жасалған жағдай, төленетін жалақы көңілден шығады. Жұмыс істегенде уақыт та тез өтеді.

Ал, бұл жерде ағаш шеберлерінің жұмысымен танысуға болады. Олар да қиялдағы кез келген дүниені “өмірге әкеледі”. Қазір мынандай кәуәп шанышқылары салынған шағын жәшік көпшіліктің сұранысында екен.

АЛЕКСЕЙ МАРКОВ, жазасын өтеуші:

– Мұндай жұмысқа 4 күн арнаймыз. Бірақ, біз бір жасағанда 3-4 данасын әзірлейміз. Қатарымыз 7 ағаш шеберінен тұрады. Әрқайсының өз міндеті бір бар. Бірі кеседі, екіншісі жабыстырады. Жұмыстарды журналдарға, картинкаларға немесе біреудің кеңесіне сүйене отыра жасаймыз.

Жазасын өтеп жатқандардың жұмысымен және оларға жасалған жағдаймен облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев танысты. Тілдесу барысында жаңа өндіріс түрлері жайлы айтылды. «Жас Тарлан» компаниясының жоспары ауқымды. Кәсіпкер Бейбіт Шәжімбаев түзету мекемелерінде тігіншілікті қолға алғысы келеді.

БЕЙБІТ ШӘЖІМБАЕВ, «Жас Тарлан» компаниясының директоры:

– СҚО-да былтырдан бастап жұмыс істеп жатырмыз. Қазір ағаштан қазақи нақыштағы ыдыс-аяқ шығарамыз. Биыл Саумалкөлдегі №51 мекемесінде тігін цехын ашқымыз келеді. Биыл жұмысшы санын 40-50-ге жеткізгіміз келеді.

Бүгінде өңірімізде 5 қылмыстық-атқару жүйесі мекемесі бар. Олармен 16 серіктестік және 5 жеке кәсіпкерлік келісімге келген. Қазір 531 жазасын өтеуші темір тордың ар жағында жұмыс істейді. Бұл – еңбекке қабілетті сотталғандардың 42 пайызы.

 

Байболат Култанов