Қоғам

Діни экстремизмнің алдын алу

С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада діни экстремизмнің алдын алу тақырыбы қозғалуда. Қоғамның өткір талқысындағы бұл мәселемен Дін істері комитеті айналысады. Жауапты орган өткен жылы ауқымды жұмыс атқарыпты. Желі кеңістігінен 50 мыңнан астам материал жойылыпты. Онда теріс діни мазмұндағы ақпараттар болған екен. Бүгін түсіндіру тобы теріскей өңіріне келіп, елдегі ахуалды баяндады.

ЖАПАЛ ДОЛИЕВ, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі дін істері комитеті басқармасының басшысы:

– Біздің басым бағытымыз – экстремизмнің алдын алу. Талдау, зерделеп жұмыстары арқылы біз алдағы сын-қатерлерді анықтауымыз керек. Экстремистік контенттердің көбісі зорлық-зомбылыққа шақырады. Яғни, дұрыс емес теріс әрекеттерге итермелейді. Діннің миссиясы мүлде басқа. Ол ізгілікке шақырады.

Жалпы, дін атын жамылып, адамдарды зорлық-зомбылық жасауға шақыратындарды “радикалды топтар” деп атайды. Олар теріс мазмұндағы ақпар тарату арқылы адамның санасын улайды. Түрлі жаман әрекеттерге итермелейді. Олардың құрығына ілінбеу үшін әр азаматтың бұл тақырып төңірегінде түсінігі болуы тиіс.

ЖАПАЛ ДОЛИЕВ, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі дін істері комитеті басқармасының басшысы:

– Біздің қоғам мұнымен жауапты орган ғана айналысуы керек деп ойлайды. Бірақ, бұл – қоғам болып бірге атқаратын жұмыс. Бүгінгі біздің беріп жатқан құнды кеңес пен ақпараттарымызды әрбір азамат өзінің туыстарын, жақындарын, әріптес пен балаларын құлақтандыруы керек. Бүгінгі іс-шараның мақсаты да сол.

Жиында “Нұр-Мүбарак” Египет ислам мәдениеті университетінің исламтанушысы Айша Кеңесбай әдет-ғұрып пен дін байланысын турасында айтты. Нәзікжанды жаһандану заманында төл салт-дәстүрімізді насихаттау аса маңызды дейді. Себебі, жат ағым оған да ықпал етуі мүмкін.

АЙША КЕҢЕСБАЙ, “Нұр-Мүбарак” Египет ислам мәдениеті университетінің исламтанушысы:

– Салт-дәстүрді діни бөліп қарайтындар өте көп. 8-9 ғасырда ата-бабамыз ұстанған әдет-ғұрып ислам дінімен біте қайнасып кеткен. Оны бөліп-жару мүмкін емес. Салт-дәстүр бұл тұсаукесер, қазақ киімімен ғана шектелмейді. Мұның ішіне үлкенді құрметтеп, кішіге қамқорлық таныту да кіреді. Бұл – үлкен жүйе.

Ағайынға құлаққағыс. Діни мекемелерден тыс жерде үгіт-насихатқа қатаң тыйым салынған. Ондай кезде аса сақ болу керек, реті келсе әңгімені тоқтатқан дұрыс.

 

Алдияр Айтпаев