Білім

Түлектерді мамандығына сай жұмыспен қамту

Оқу жылы аяқталды. Оқушылар алтын ұя мектебінен түлеп ұшты. Асқақ армандарына қол созуда. Бірі ҰБТ-ны енді тапсырып жатса, енді бірі тапсырып та қойды. Солардың бірі – Мансұр Серіков. Ол – Ә.Бөкейхан атындағы № 25-ші орта мектептің түлегі. Тестілеуде жаңадан қосылған бейіндік пән – информатика және математиканы таңдаған. Жас талапкер 1-ші мүмкіндіктен-ақ 116 балл жинады. Бұл мектеп бойынша ең жоғарғы көрсеткіш екен. Айта кетейік, 22-маусымда екінші рет сынақтан өтеді. Өзі IT саласына түсуді жоспарлап отыр. Өйткені, қазір бұл мамандыққа деген сұраныс көп.

МАНСҰР СЕРІКОВ, мектеп түлегі:

– Математика пәнін ұнатамын. Сондықтан, мен ҰБТ-да математика және информатика комбинациясын таңдадым. Жоғарғы балл жинадым – 116 балл. Грантқа түсем деп ойлаймын. ҰБТ барысы өте қатал болды. Көшіруге мүмкіндік болған жоқ. Өз күшіме сендім. Нәтижеге жеттім. Болашақта IT маманы болғым келеді. Өзімді осы салада көремін. Елордамыздағы жаңа оқу ордасы Астана IT университетіне түскім келеді.
5090/05:35 және мен Астана қаласында жұмыс істесем деймін. Себебі, онда жалақы жоғары және IT мамандарына деген сұраныс көп. Білікті маман болсаң, жұмысты оңай табуға болады.

Ал, Гүлжамал Сулейманова – университеттің түлегі. Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына оқыған. Жуық арада қолына дипломын алады.

ГҮЛЖАМАЛ СУЛЕЙМАНОВА, университет түлегі:

– Бұл мамандыққа өз қалауыммен түстім. 8-9 жасымда 1-ші корпустың алдында әпкеме осы университетке түсемін деген болатынмын. Аффирмация орындалса керек. Түстім. Бірақ, ақылы негізге. 3 жыл талмай оқыдым. Қазір 1 жыл болды грантта оқимын.

Гүлжамал Сулеймановаға жұмыс жоғары оқу орны тарапынан ұсынылыпты. Алдағы уақытта жас маман Мамлют ауданындағы Дубровное селосына аттанады. Нәзікжандының бұған көңілі толады. “Себебі, ауылға жас мамандар қажет. Болашақ – біз секілді жастардың қолыңда”,- дейді. Жалпы, Гүлжамал Сулейманованың тобында 40 студент бар. Оның 70 пайызы ауылды жерде жұмыс істейтін болады.

ГҮЛЖАМАЛ СУЛЕЙМАНОВА, университет түлегі:

– Университет мені жұмыспен қамтып қойды. Мамлютка ауданы Дубровное ауылында өз мамандығым бойынша жұмыс жасаймын.
Осы жылдың қыркүйек айында Сәбит, Ғабит, Шухов және Мағжан ауылдарына саяхат жасадық. Мектептеріне бардық. Сол кезде ауыл жастары мен оқушылары қаптап қалаға көшіп жатыр деді. Енді осыны жастар болып қолымызға алуымыз керек. Біз көркейтпегенде кім көркейтеді?
Мен өз ауылымдағы әкімдікте “Жас практикант” бағдарламасы бойынша 6 ай жұмыс жасадым. Мені жұмысқа шақырды. Бірақ, мен бас тарттым. 4 жыл босқа оқыған жоқпын. Сондықтан, өз мамандығым бойынша жұмыс жасауды жөн көрдім.

М.Қозыбаев атындағы СҚУ-да Мансап және жұмыспен қамту орталығының жұмыс істеп жатқанына 5 жыл болған. Негізгі мақсаты – түлектерді жұмысқа орналастыру. Былтырғы жылы жас мамандардың 83 пайызы тұрақты қызмет орнын тапқан екен. Биыл жоғары оқу орнын шамамен 2 мыңға жуық студент бітіреді.

НӘЗИРА ТАСҚАЛИЕВА, М.Қозыбаев атындағы СҚУ мансап және жұмыспен қамту орталығының методисі:

– Университетімізде 2022 жылы оқу жылын 2013 түлек тәмәмдады. Оның 1183-і грантта, ал 326 студент “Серпін” бағдарламасымен оқыды. Осының ішінде 1658 студент жұмыспен қамтылды және “Серпін” бағдарламасымен 273 студент жұмысқа тұрды. Физика, математика, ауыл шаруашылығы мамандықтарына көп грант бөлінді. Себебі, бұл салада мемлекеттік өндірістік орындарға жұмысқа орналасу оңай болады. Сұранысқа көп ие мамандықтар. Ал, дәл қазіргі уақытта студенттерге арналған жұмыс орындарын табуға тырысып жатырмыз. Орналасқаны және орналаспағаны жөніндегі нақты ақпаратты қыркүйек айында беретін боламыз.

Елімізде жастар арасындағы жұмыссыздықпен күрес қарқынды түрде жүріп жатыр. Мәселен, осы мақсатта “Жасыл ел”, “Дипломмен ауылға”, “Серпін”, “Жастар-ел тірегі” және “Жастар практикасы” секілді бағдарламалар құрылған әрі бірнеше жыл қатарынан нәтижелі жұмыс істеп жатыр. Осы жобалар аясында жыл сайын республикамызда 100 мыңға жуық жасты еңбекпен қамту жоспарланып отырады.

 

Аснурия Абдула