Қоғам

4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні

Ту, Елтаңба және Әнұран – еліміздің Мемлекеттік рәміздері. Бұлар әр қазақстандықтың жүрегін тебірентері рас. Себебі, нышандар халқымыздың қаһармандығы мен даналығын, мұқалмас рухын бейнелейді.

МАРИЯ ТАТАРЕНКО, “Радзіма” белорус мәдени орталығы” ҚБ төрайымы:

– Мемлекеттік рәміздер 1992 жылы 4 маусым күні ресми түрде бекітілді. Нышандардың пайда болуына қатысты қызықты деректер жетерлік.
92-ші жылдың басында арнайы байқау жарияланды. Оған 600-ден астам адам қатысты. Тудың жобасына – 1200, Елтаңбаға – 245, ал Әнұранға 750 нұсқа ұсынылды. Талап бойынша рәміздер тек эстетикалық жағынан әдемі болып қана қоймай, тарихи, саяси, экономикалық символизмге сәйкес келуі керек болды.

Қазақстанның тұңғыш рәміздері – Ту мен Елтаңба. Олар 92-ші жылдың 4 маусымында қабылданды. Байрағымыз әрдайым оң жаққа қарап желбіреп тұруы қажет. Қақ ортасында бейнеленген күн 32 сәуле шашады. Елдің таңбасы бертін келе бірнеше рет өзгерісте ұшырады. Шаңырақ – мұндағы ең маңызды элемент. Ол “Қазақстан – барлық ұлт үшін ортақ үй” дегенді білдіреді. Ал, Әнұранның мәтіні желтоқсан айының 11-і күні бекітілді. Жаңа нұсқасы 2006 жылдың 6-шы қаңтарында қабылданды.

ГҮЛБАҚША МҰСАБАЕВА, М.Қозыбаев атындағы СҚУ заң ғылымдарының кандидаты:

– Қазіргі таңда рәміздерді құрметтеу мәдениетін ерекше қалыптастыру керек. Оның негізі – біздің заңнама және егемендіктің платформасы. 2007 жылы Мемлекеттік рәміздер туралы Конституциялық заң қабылданды. Әр қазақстандық ел алдындағы борышын орындау барысында нышандарды құрметтеуге міндетті. Біздің жастар балабақшаға, білім ордаларына, сайыстарға барады. Өзге мемлекеттерде еліміздің намысын қорғайды. Сол кезде қолын жүрегіне қойып, Әнұранды шырқаған кезде өзінің сүйікті Қазақстан жеріне кіндігімен байланысты екенін сезеді.

Мемлекеттік рәміздер – мемлекеттің мызғымас бір бөлігі. Биыл қастерлі нышандарымызға 31 жыл толып отыр.

 

Аснурия Абдула