СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтарҚоғам

Бүгін – Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу күні

Бүгін 31-ші мамыр – Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Солақай саясат халқымызға орасан зор қасірет әкелді. Әрине, жазықсыз жапа шеккен боздақтарды ұрпағы ұмытпақ емес. Жыл сайын жерлестеріміз дәл осы күні арнайы ескерткіш алдына жиылады.

Ата-баба рухына тағзым етуге келген жандардың барлығы дерлік ескерткіш алдына барғанда бір күрсінеді. Әрбірінің көңілінде мұң бар. Жосықсыз абақтыға жабылып, кейіннен атылған атасын еске алуға Астанадан Алқа Нұғыманова арнайы келіпті. Нәзікжандының айтуынша, азамат темір торда қазақ әдебиетінің «классигі» Сәкен Сейфуллинмен бірге отырған.

АЛҚА НҰҒЫМАНОВА:

– Есіл ауданына тұрмысқа шықтым. Бір жиында атаммен бірге абақтыда отырған Қожасов Қажығали деген кісіні кездестірдім. Сол кісі атамның атылғанын бәрін айтты. Атам 65-ші жылы ғана ақталды. Ол кісі “Ленин орденін” алған. Мектеп директоры болған. Намаз оқиды деп теріс көрсетіп, абақтыға жапқан. Атамыздың артында 3 қызы мен 1 ұлы қалды. Ол кеткенде менің әкем, яғни баласы 5 жаста еді.

Ескерткіш маңында Бақыт Бегенованы да кезіктірдік. Қала тұрғынының анасына халық жауының әйелі деген айып тағылған. Содан 1938 жылы Алжир лагеріне қамалған. Тар қапаста Мүслима Ілиясова 10 жылын өткізіпті. Кейін өлкеге оралып, екінші рет тұрмыс құрыпты.

БАҚЫТ БЕГЕНОВА, қала тұрғыны:

– Анам өмірін қайта бастады. Өзі де, атылған күйеуі де 58-ші жылы ақталды. Қуғын-сүргінге ұшырағаны жайлы маған 4-ші курс оқып жүргенімде бір-ақ айтты. Одан кейін бұл тақырып қозғалмады. Оның бәрін еске алу қиын болатын.

Бүгінгі жиынға облыс әкімі Айдарбек Сапаров қатысты. Өңір жетекшісі ескерткіш алдына гүл шоқтарын қойып, ата-баба рухына тағзым етті. Жалпы, қазіргі таңда боздақтарды толық ақтау ісі жалғасуда. Бүгінде бұл шаруа мемлекетте маңызды мәселе есебінде тұр.

СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:

– Солтүстік Қазақстан өңірлік комиссиясы 21-ші жылдан бері өте үлкен жұмыстар атқарды. 8 бағытта жұмыс топтары құрылған болатын. Бір арнайы қауіпсіздік архивінде, СҚО ПД мұрағаттарын ақтардық. Тағы бірнеше мекемелерде жұмыстар жүргіздік. Ауқымды құжаттар жинақталды. Электронды база жасалды. Онда ақталған 8 мыңнан астам адамның аты жазылған.

Ал әлі ақталмағандар саны 8 мыңға жуықтайды. Боздақтарға тағылған айыпты алып тастау ісі мемлекеттік комиссияның отырысында қаралуға ұсынылыпты.

 

Алдияр Айтпаев