Қоғам

Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау ісі жалғасуда

“Абылай хан резиденциясы” музей кешеніне жиналған жастар – “БЭСТ” гимназиясының оқушылары. Ұл-қыздар мекеме қызметкерінің айтқанын ұйып тыңдауда. Көтерілген тақырып – саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау.

Өскелең ұрпақ тарихты білу керек. Өткенімізді жаңғырту үшін арнайы комиссия құрылғаны мәлім. Топ саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтаумен айналысуда.

АЯН САДАЕВ, “Абылай хан резиденциясы” музей кешенінің директоры:

– Мемлекеттік комиссия ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен құрылды. Біздің өңірде де комиссия жұмыс істейді. Әрине, бұл – еліміз үшін қиын кезең. Қолда бар дерекке сүйенсек, қуғын-сүргінге 5 млн-ға тарта адам ұшыраған.

20-шы ғасырдың 20-шы жылдары басталған қасыретті Людмила Гривенная 20 жылдан бері зерттеп келеді. Нақтырақ айтсақ, арнайы комиссия мүшесі ел аумағында болған наразылық қозғалыстарға қатысушылар туралы мәліметтерді жинаумен айналысуда. Өкінішке қарай, кейінгі толқынның басым бөлігі қуғын-сүргінге ұшыраған жақындары жайлы көп дерек білмейді.

ЛЮДМИЛА ГРИВЕННАЯ, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі:

– Қазір біз мәжіліске халықтық наразылықтарға, көтерілістерге қатысқан адамдарды айыпсыздар қатарына қосу туралы ұсыныс жасап жатырмыз. Олар көптеген санаттар бойынша жосықсыз айыпталды. Өңірдегі ескерткіштерді зерттеп көрдім. Олардың саны 80-ге жуықтайды. Барлығы да коммунистерге, кеңес жұмысшыларына, көтерілісті басқандарға арналады. Ал большевиктердің күш саясатына қарсы шыққан шаруаларға арналған бірде-бір ресми ескерткіш кездескен жоқ.

Жалпы, қуғын-сүргінге ұшырағандар 5 млн-ға жуықтаса, оның 25 мыңы зиялы қауым өкілі екен. Айта кетейік, өткен жылы елімізде советтің салқынын сезінген жандарды толық ақтау жөнінде 33 томдық кітап жарық көрді.

 

Алдияр Айтпаев