Қоғам

Петропавлда йога маусымы ашылды

Дені саудың жаны сау. Салауатты өмір салтын ұстанушы петропавлдықтар таңғы 9-да “Динамо” стадионына жиналды. Қолдарына арнайы кілемше мен су ұстағандар бұл жолы жүгіруге емес, йогамен айналысуға келген. Тәнмен қоса жанға тыныштық сыйлайтын бұл спорт түрі Ақмарал Тұрсыноваға ертеден таныс. Омыртқа ауруынан арылу үшін ден қойған ем түрі қазір сүйікті ісіне айналған.

АҚМАРАЛ ТҰРСЫНОВА, қала тұрғыны:

– Менің йогамен айналысқаныма бірнеше жыл болды. 2013 жылдан бастап 2015 жылға дейін айналыстым, содан үзіліс алып былтыр бастадым. Йогаға жүгінген себебім, омыртқам ауырады. Барғаннан бері еш жерім ауырмай, өзімді жақсы сезінемін.

Жиналғандардың арасында алғаш рет келгендер де бар. Мысалы, Ғалия Сәрсекееваға бұл спорт түрі мүлде таңсық. Денсаулығына айрықша мән бере бастаған нәзікжанды құрбысының айтуымен келген.

ҒАЛИЯ СӘРСЕКЕЕВА, қала тұрығы:

– Денсаулық – ең бастысы. Жалпы, басқа да спорт түрлерімен шұғылданып тұрамын, ал йогаға енді келіп жатырмын. Бұл – спорт көп ауруларға ем, мысал үшін, менің белім көп ауырады. Бұл жерге танысым Айгүл арқылы келіп отырмын. Өте жақсы ұйымдастырылған.

Жаттығу 1 сағатқа созылады. Таза ауада өтетін осындай шара жаз бойы жексенбі күні қайталанып отырады. Қатысу тегін. Адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Бір айта кетерлігі, мұнда қыз-келіншектерден бөлек ер азаматтар да жүр.

ЕЛЕНА ГОЛУБЕВА, йога жаттықтырушысы:

– Йога – барлық ауру түріне ем. Сондай-ақ, өзіңізге сенімді болуға, жаман әдеттермен күресуге, көңілді әрі жігерлі болуға ықпалын тигізеді. Денені физикалық жағынан жақсарту тұрғысынан икемділікке, стресс пен ауырсынуды азайтуға көмектеседі.

Бүгінгі бағдарлама барынша ыңғайлы етіп жасалған. Тұрғындарға өздерімен бірге балаларын да әкелуге рұқсат.

 

Акжунис Мухатай