Аптадағы маңызды жаңалықтарАуыл шаруашылығы

Тайыншалық диқан қарақұмық алқабын 5 есеге арттырған

АЛДИЯР АЙТПАЕВ, тілші:

– Биыл облыс әкімі Айдарбек Сапаров диқандарға қарақұмық пен көкөніс алқаптарын ұлғайтуды тапсырды. Өңір жетекшісі жүктеген міндетті қазір аграрийлер бұлжытпай орындауда. Мәселен, “Агроном-Тайынша” серіктестігі тиісті жердің көлемін 5 есеге арттырыпты.

Нақтылай кетсек, әңгіме қарақұмық жайында. Өткен жылы Тайынша ауданындағы агроқұрылым 40 гектар жерге аталған жарма дақылын сіңірген. Ал биыл алқап көлемі 200-ді құрап отыр. Тиісті тұқымды серіктестік өзі өндіреді екен.

АННА ОСПАНОВА, “Агроном-Тайынша” ЖШС агрономы, Тайынша ауданы:

– Өткен жылы қарақұмық тұқымын “Тайынша-Астық” серіктестігінен сатып алдық. Сұрпы – “Құйбышев-85”. Көлем көп болған жоқ. Бірақ, орақ науқанында мол өнім алдық. Биыл сол былтыр орғанымызды жерге сіңіріп жатырмыз. Келер жылы да алқап ұлғайтылып отырмақ. Жалпы, серіктестігіміз элиталық тұқымдарға да басымдық беріп отыр. Оны да көбейтеміз.

Тегеурінді техника тізгіндеген Ақылбек Файзулин қазір алқапқа қарақұмық тұқымын сіңіруде. Астындағы себу кешені – канадалық техника. Заман игілігі азаматқа осыдан бірнеше жыл бұрын беріліпті. Ал жұмысқа тұрғанына 5 жылдан асқан. Туған жерінде тер төгіп жүрген азамат жасалған жағдайға да дән риза.

АҚЫЛБЕК ФАЙЗУЛИН, “Агроном-Тайынша” ЖШС механизаторы, Тайынша ауданы:

– Серіктестік малымызға жемазықпен көмектеседі. Жалақы уақытылы беріледі. Өткен жылы егіс науқанында 2 апта жұмыс істегеніме 500 мың теңге алдым. Қазіргі мынадай заманауи техника жұмысымызды едәуір жеңілдетуде. Мәселен, мына монитордан бүгін қанша дән еккенім көрінеді. Алқапқа енді кірдім, әзірге, 12 гектар көрсетіліп тұр.

Серіктестік 1991 жылы құрылған. Бастапқыда жер көлемі 91 гектарды құрапты. Ал қазір 6 мыңнан асып жығылады. Оның 1,5 мыңы – бұршаққа, 1 мыңы – майлы, ал қалғаны дәнді, жем-шөп дақылдары мен көкөніске арналған. Айта кетейік, агроқұрылымда егіс науқанына 5 себу кешені жұмылдырылған.

ЖҰМАҒАЛИ ҒАБДУЛЛИН, “Агроном-Тайынша” ЖШС бас директоры, Тайынша ауданы:

– Қазір алқаптарда 40 жұмысшы жүр. Барлығы – жергілікті азаматтар. Жыл сайын техниканы жаңартып отыруға тырысамыз. Оған мемлекет көмектеседі. Екі субсидия алдық. Қаражатты агроқұрылымды дамытуға бағыттаудамыз. Өткен жылы құрғақшылық болды. Егін бітік шықпады. Биыл, әзірге, ылғал жеткілікті.

Егіс науқанына мамырдың ортасында кіріскен серіктестік айдың аяғына дейін шаруаны аяқтамақ ниетте. Тегеурінді техника жай тұрмас үшін агроқұрылым басшылығы жақын мандағы шаруаларға көмектеспек. Жалпы, биыл облыс бойынша қарақұмыққа арналған алқап көлемі 3 есеге, ал көкөніс 2 есеге ұлғайтылды. Айта кетейік, бүгінге дейін өңір диқандары 2,2 млн гектар жерге дән сіңірген. Әзірге, жұмыс 52,6%-ға атқарылған.

 

Алдияр Айтпаев