Мәдениет

Студенттер қойылымы

Сахнада – Астанадан арнайы келген қонақтар. Қазақ ұлттық университетінің 4-ші курс студенттері. Өңірге гастрөлдік сапармен ат басын бұрған 12 жас театр және кино актері мамандығы бойынша білім алуда. Дипломдық жұмыстарын қорғау негізінде бастау алған сапар бүгінде өз мәресіне жетіп қалды. Бұндай тәжірибелік жұмыстар қаламызда бір емес, бірнеше рет өткен дейді С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының көркемдік жетекшісі Дәурен Тойбазаров.

ДӘУРЕН ТОЙБАЗАРОВ, С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының көркемдік жетекшісі:

– Келулерінің мақсаты – екі мекеменің арасындағы қарым-қатынас, тығыз байланыс орнату. Бұл бірінші тәжірибе емес. Алдыңғы жылы Сайлау Қамиевтің студенттері 1 күнге екі бірдей қойылымдарын қойған болатын. Сонымен қатар, жас бітіруші мамандар болашақта біздің театрмен танысып, көріп, алдағы уақытта жұмыс істеуге ұсыныс жасап жатса құба-құп қабылдаймыз.

Жалпы, өнерпаздардың қоржынында 7 қойылым бар. Бүгін екі қойылым көрермен назарына ұсынылды. Біріншісі – “Қозы Көрпеш-Баян сұлу” трагедиясы, ал екіншісі -Гогольдің “Үйлену” комедиясы. Комедия неке төңірегінде өрбиді, бірақ ешкім ешкімге ғашық емес, махаббатың ізі де жоқ. Мұнда дворянға күйеуге шығуды армандаған көпес қызы Агафья Тихоновна жайлы баяндалады. Ең бастысы, жиналған қауым қыран-топан күлкіге қарық болды. Актерлердің шебер ойыны мен қызықты диалогтар комедияға өзіндік нәр беріп, көрерменге жақсы көңіл-күй сыйлады.

АСЫЛБЕК НҰРТІЛЕК, Қазақ ұлттық өнер университетінің 4-ші курс студенті, Астана қаласы:

– Бұл қойылымдағы менің образым – Балтабай Балтабаевич Жевакин. Бұл спектакльді алып келген себебіміз, өнер университетінің деңгейін көрсеткіміз келді. Биылғы мектеп бітіріп жатқан түлектерді тарту үшін өте ыңғайлы, қызықты қойылым болды. Бірінші спектакльде мен Қарабайдың рөлін ойнадым. Қатыгез әкенің рөлі. Тақырыбы – махаббат дастаны. Лиро-эпостық жырдың негізі бойынша дүниеге келген шығарма ғой.

Өнер жолы – ұлы жол. Бұл мамандыққа жүрегінде түгі бар жандар келеді. Ал театрдың орны бір төбе. Нағыз өнер ордасында бәйгеге қосқан жүйрік аттай үнемі өз-өзіңді қамшылап отыру қажет. Бұл салада 34 жылдық тәжірибесі бар Қымбат Тілеуова өнер университетіне түсу үшін қандай талап қойылатындығын айта кетті.

ҚЫМБАТ ТІЛЕУОВА, Қазақ ұлттық өнер университетінің кафедра меңгерушісі, Астана қаласы:

– Театр өнері жастарға өте үлкен талап қояды. Оған үлкен дайындықпен келу керек. Қазіргі қойылатын міндет өте үлкен. Интеллект болуы керек, тіл таза болу керек. Қазақ театры болғандықтан әріптерді дұрыс айта білуі тиіс. Дауыс пен музыкалық естудің болуы да маңызды.

Көрермен ретінде келгендердің дені – оқушылар. Бұндай қойылымдар өңірімізден бөлек Астана, Көкшетау, Қарағанды қалаларында да өткізілген.

 

Акжунис Мухатай