СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі мәдениет және өнер майталмандарын марапаттады

Талайды тамсандырған таланттар! Залда жиылған көпшіліктің бәрі – мәдениет және өнер саласының қызметкерлері. Мамырдың 21-і күні бұл жандар кәсіби мерекелерін атап өтті. Бүгін облыстық филармонияда ел руханиятының дамуына үлес қосқан жандарды өңір жетекшісі Айдарбек Сапаров құттықтады.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – мәдениет және өнер қызметкерлері күнімен құттықтаймын. Өнер мен мәдениет егіз ұғым. Әр халық өзінің мәдениеті мен руханиятымен және салт-дәстүрімен ерекшеленеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқы жолдауында еліміздің атын шығаратын мәдениет пен өнер деп айтқан болатын. Облысымыздың мәдениеті мен өнерін дамыту, ұлттық мұрамызды әлемге таңыту жолындағы еңбектеріңізге шығармашылық табыс тілеймін. Халықтың ыстық ықыласына ие болып жүре беріңіздер.

Кейін облыс әкімі еңбегімен ерекшеленген жандарды марапаттады. С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының тісқаққан актері Асылхан Разиев та құрметке бөленді. Сан түрлі кейіпке кіріп, шеберлігімен ағайынға ой салып, күлкіге де қарық қылатын азаматқа “Мәдениет саласының үздігі” төсбелгісі берілді.

АСЫЛХАН РАЗИЕВ, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының жоғары дәрежелі актері:

– Бірнеше жыл еңбек етіп жүресің. Бірақ еңбегін еленіп жатыр ма? деген ойлар келеді. Міне, бүгін еңбегіміз жемісін беріп жатыр. Еңбегіміз ұмыт қалмай, еленіп жатқанына қуаныштымын. Театр өз жұмысын істеп жатыр. Спектакльдер қойылып жатыр. Грузияға фестивальге дайындалып жатырмыз.

Марапаттан Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының қызметкерлері де шет қалмады. “Мәдениет саласының үздігі” төсбелгісімен Елена Покрас марапатталды. Өнер ордасының режиссері мекемеде 27 жыл бойы еңбек етіп келеді.

ЕЛЕНА ПОКРАС, Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының режиссері:

– Жоғары дәрежелі марапат алып жатырмын. Өте қуаныштымын. Еңбек ақталды. Көзі қарақты көрермендерді тың туындылармен әлі де қуантатын боламыз. Облыс пен қала басшылығының еңбегімізді еліп жатқандығы қуантады. Театр тегеуріні де артып келеді. Жаңа жабдықтар пайда болды. Сахнамыз да тамаша. Актерлер дән риза.

Мерекелік шараларды ұйымдастырып, сахнадан түспейтін өнерпаздар кейіннен арнайы концертті тамашалады. Олар үшін астаналық меймандар өнер көрсетті. Р.Бағланова атындағы “Қазақконцерт” әртістері ән мен биден шашу шашты.

 

Алдияр Айтпаев