Спорт

Мемлекеттік қызметшілер арасында қазақ күресінен облыстық спартакиада өтіп жатыр

Жастар сарайында мемлекеттік қызметкерлер арасында қазақ күресінен облыстық спартакиада өтіп жатыр. Дүбірлі додаға 13 палуан қатысуда.

Бозкілемге Қызылжар ауданынан келген Өмірхан Қанжігітов пен петропавлдық Ерлан Тәшімов шықты. Екеуі 74 келі салмақ дәрежесінде сынға түсуде. Белдесу көпке созылған жоқ. Қызыл белбеудегі қызылжарлық жігіт қарсыласын тізе бүктірді. Өмірхан Қанжігітовтің спортпен шұғылданғанына – 12 жыл. Бірнеше жарыстың жеңімпазы. Айтарлықтай тәжірибесі бар жас жігіт қазақ күресінің тәсілдері сан алуан дейді.

ӨМІРХАН ҚАНЖІГІТОВ, жарысқа қатысушы:

– Қарсыласымды жамбас әдісімен жықтым. Осал емес екен. Маған осындай спорт түрлері ұнайды. Мұнда өзінді сынауға мүмкіндік аласың. Қазақша күрестен бірінші рет қатысып отырмын. Қарсыласыңды көп айла-тәсілмен жеңуге болады.

Бірінші айналымда жеңіске жеткен палуан келесіде сынға түседі. Спортшыларға 5 минут уақыт беріледі. Төреші Әлібек Госмановтың айтуынша қазақ күресімен айналысатын ер азаматтар көбейіп келеді. Солардың арасында мемлекеттік қызметшілер де аз емес.

ӘЛІБЕК ГОСМАНОВ, жарыстың төрешісі:

– Қазақ күресінің ережесі бойынша палуан 5 минуттың ішінде ұпай санын алмаса, екі палуан белдесетін болады. Қос палуанның белдесекенде ұпай саны ашылмайтын болса, таразыға түседі. Таразыда қай палуанның салмағы аз болады, сол палуан жеңіске жетеді. Бұл жарыс жыл сайын ұйымдастырылады. Салмақ дәрежесі 74, 90,100 және одан да жоғары.

Дода 2 күнге созылады. Жеңіске жеткен спортшылар Талдықорғанда өтетін республикалық жарысқа қатысады.

 

Гульден Симбаева