Мәдениет

«Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырын орысшаға аударған азамат

Атақты «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырын орысшаға бірнеше адам аударған. Солардың ішінде Георгий Тверитин есімді азаматтың шоқтығы биік. Ол қазіргі Ақмола облысында дүниеге келген. Бала күнінде ата-анасы аққайыңдар өлкесіне қоныс аударыпты. Теріскей жерінде талапты жас қатарлас қаракөздерден қазақ тілін үйренеді. Бұл әдебиетімізді, салт-дәстүрімізді терең зерттеуге, сан ғасырлық тарихы бар халық дастанын аударуға жол ашады.

СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:

– 1926-шы жылы Георгий Тверитиннің қолжазбасын Халық ағарту министрі болған біздің жерлесіміз Смағұл Сәдуақасов 1000 сомға сатып алады. Кіріспе сөзді өзі жазады. Сонда шығарманы жоғары бағалайды.

Георгий Тверитин «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырын аударуды 1909-шы жылы бастап, 17-ші жылы аяқтапты. Алайда, туынды 9 жыл өткен соң ғана басылған екен. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архиві қабырғасында өткен жиынға ақын-аудармашының туыстары қатысты. Варвара Голубицкая Ресейдің Подольск қаласында тұрады. Нәзікжанды арғы нағашы атасы жайлы көбірек білу үшін өлкемізге арнайы келіпті.

ВАРВАРА ГОЛУБИЦКАЯ:

– Оның жазбалары толығымен бүгінгі күнге жетпеді. Нағашы апамның әпкесі шығармаларды шамаданға салып, Мәскеуге жеткізбекші болыпты. Алайда, жолда шамадан қолды болған екен. Сөйтіп, туыстарым баға жетпес дүниеден айрылып қалады. Арғы нағашы атам жайлы көп дерек білмейміз. Оның өмір жолымен танысу үшін Ресейден арнайы келдік.

Георгий Тверитиннің сақталып қалған шығармаларында теріскейдің тумасы Ноғайбай ақын жайлы деректер кездеседі. Өкінішке қарай, бұл тұлға туралы көпшілік білмейді. Ақын жайында облыстық мемлекеттік архив мамандары зерттеу жұмыстарын жүргізбекші.

 

Байболат Култанов