СҚО әкімдігіАуыл шаруашылығы

Облыс әкімінің бірінші орынбасары айыртаулық диқандармен кездесті

Айыртау ауданындағы “Лавровское” серіктестігі 7146 гектар жерге иелік етеді. Биыл соның 6471 гектарына тұқым сеппекші. Бүгінгі таңда жоспар кестеге сәйкес орындалып жатыр. Яғни, агроқұрылым мамандары ырыс дәнін алқапқа белгіленген уақытта сіңіруде.

САМАТ ҚОСЖАНОВ, “Лавровское” ЖШС директоры, Айыртау ауданы:

– Химиялық өңдеу жұмысы 5-6 күн бұрын жүргізілді. Содан кейін тұқым себіледі. Өнім жақсы болады деп ойлаймыз. Жаңбыр күтеміз.

Дегенмен, биыл Айыртауда ылғал қоры өзге аудандардағыдан жоғары. Тұқым жеткілікті, арзандатылған жанар-жағармай да жеткізілді. Мемлекет қолдауын сезінген диқандардың дені қазір бел жазбай тер төгуде. Басым бөлігі иеліктеріндегі жердің 50 пайыздан астамына дән сеуіп үлгеріпті.

ЕДРЕС ЖАНАПИН, Айыртау ауданы әкімінің орынбасары:

– Қазір бізде ірі шаруашылықтардың саны 60-тан асып кетті. Ал шаруа қожалықтары 190-ға таяды. Биыл 357 мың гектар жерге тұқым себеміз. Оның 269 мыңы – дәнді дақылдар, 60 мыңы – майлы дақылдар.

Маңызды науқанды маусымның басында тәмамдауды жоспарлаған айыртаулық диқандармен облыс әкімінің бірінші орынбасары жүздесті. Арнайы келген Марат Тасмағанбетов шаруалардан толғандырған проблемаларын сұрады. Байтас Қазбеков – “Агро Елецкое” серіктестігінің директоры. Суармалы егіншілікті мықтап қолға алғысы келетін азамат бірнеше түйткілге тап болыпты. Марат Тасмағанбетов мәселені ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысына шешуді тапсырды. Әңгіме барысында сектордың өзге де бағыттары тілге тиек етілді.

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Сіздер, өсімдікпен қатар мал шаруашылығымен де айналысуларыңыз керек. Бұл – облыс әкімінің тапсырмасы. Әзірге, ауданда ірі жобалар қолға алынар емес. Мемлекет осы бағытты дамыту үшін 100 млрд теңге бөліп отыр. Оның 17 млрд теңгесі біздің өңірге тиесілі. Ниет танытушы жандар болса, жобаларды қарастырып, қолдау көрсетуге дайынбыз.

Мал ұстамайтын шаруалардың жері мемлекет меншігіне өтеді. Биыл өңірімізде 320 мың гектар қайтарылмақ. Өсімдік шаруашылығында минералды тыңайтқыштар маңызды рөл атқарады. Кездесу барысында Марат Тасмағанбетов осыны диқандардың есіне салды.

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Бүгінде біз 180 мың тоннаға жуық минералды тыңайтқыш сіңіреміз. Бұл көрсеткіш бойынша елде бірінші орында тұрмыз. Алайда, көлемді әлі арттыру қажет. Осы бағытта диқандармен жұмыс жүргізу керек. Қазір сатып алынған өнімнің 50 пайызы субсидияланады. Үлкен жеңілдік.

Марат Тасмағанбетов диқандарға енді жанар-жағармай электронды форматта берілетінін де айтты. Ол үшін шаруалар белсенділік танытып, өтініш жолдаулары қажет. Кездесу соңында облыс әкімінің бірінші орынбасары агроқұрылым басшылары тұрғындармен әлеуметтік шарт жасасу және сол құжаттағы міндеттерді орындау қажеттігін қаперге салды.

 

Байболат Култанов