Қоғам

“Таулы Қарабақ” республикалық ұйымының облыстық филиалы құрылды

Қарасай мен Ағынтай батыр ескерткіштері алдына гүл шоқтары қойылып жатыр. Ата-баба рухына ардагерлер тағзым етуде. Дәлірек айтсақ, мұнда Таулы Қарабақта болып, қызмет атқарған азаматтар жүр. Бұл шара бекерден-бекер өтіп жатқан жоқ. Өңірде “Таулы Қарабақ ардагерлері мен мүгедектері” республикалық қоғамдық бірлестігінің филиалы құрылды.

Филиалға қақтығыста болған ардагер Құрманғазы Ережепов төрағалық етпек. Жат елде азамат 89-90-шы жылдары болған. Әзірбайжан мен Армения елдері арасындағы дауда жерлесіміз өзге сарбаздармен бірге халықты бірлікке шақырып, тұрақтылық орнатуға ат салысқан.

ҚҰРМАНҒАЗЫ ЕРЕЖЕПОВ, “Таулы Қарабақ ардагерлері мен мүгедектері” РҚБ СҚОФ төрағасы:

– Біздің мақсатымыз – мектеп, колледж, университетте жастардың партиоттық сана-сезімін оятып, оған тәрбиелеу. Жас жігіттерді әскер мен әскери оқу орындарына дайындағымыз келеді. Мекемелермен тәрбие тұрғысында жұмыс істейміз. Отанды сүю иманнан демекші, отансүйгіштікке тәрбиелегіміз келеді.

Жиынға өңір азаматтарынан бөлек еліміздің түкпір-түкпірінен келген ардагерлер де қатысуда. Жалпы, Таулы Қарабақ қақтығысына Қазақстаннан 2800-ден астам жауынгер қатысқан. Оның 52-сі – солтүстікқазақстандық.

ЕРҒАЛИ БАЗАРБАЕВ, “Таулы Қарабақ ардагерлері мен мүгедектері” РҚБ төрағасы:

– Ел бойынша 21 филиалымыз бар. Оның 2-еуі аудандық. 4 одақтас облыстарымыз бар.

Айта кетейік, қазіргі таңда ардагерлерге жаңа жеңілдіктер қарастырылып жатыр. Таулы Қарабақ қақтығысына қатысқан жандар алдағы уақытта пойыз билетін 50% жеңілдікпен рәсімдеп, жылына бір рет ұшақпен тегін ұша алады.

 

Алдияр Айтпаев