Қоғам

СҚО-да тұтынушылардың құқықтарын бұзу фактілері екі есеге өскен

Сауда қызметін реттеу және тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері – басты назарда. Бұл туралы аталған сала маманы Ләзім Мияшева атап өтті. Қазіргі уақытта департамент қызметкерлері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына тұрақты түрде мониторинг жүргізуде. Қойылған талаптарды елемейтіндер баршылық. Мамандар мұндай кәсіпкерлерге қандай жаза қолданылатын атап өтті.

ЛӘЗІМ МИЯШЕВА, СҚО бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары:

– Егер құқық бұзушылық бірінші рет жасалса, онда әкімшілік кодекске сәйкес ескерту жасалады. Ал әкімшілік жазадан кейін бір жыл ішінде қайталанған жағдайда шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 10, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 75, ал ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 300 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

Мамандар бұзушылықтар санының артуын онлайн-сатулардың өсуімен байланыстырады. Бағасына сапасы сай келмейтін тауар ұсынатын алаяқтардың кесірінен қомақты қаржысынан айырылып қалғандар да аз емес көрінеді. Мұндай жағдаймен бетпе-бет келген облыс тұрғыны онлайн-платформа арқылы ұялы телефон сатып алмақшы болған. Нәтижесінде iPhone 14 телефонының арзан көшірмесін пошта арқылы салып жіберген. Сатушының сайттағы орналасқан жері «Квартал» сауда үйі деп көрсетілгенімен, тексеру барысында мұндай атаумен бірде-бір дүкен табылмапты.

ЛӘЗІМ МИЯШЕВА, СҚО бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары:

– Осыған байланысты бұл үндеу құқық қорғау органдарына қайта жіберілді. Тауарларға тапсырыс беру кезінде тұтынушыларымызға сатушы таңдауын, тауарлар, жұмыстар мен қызметтер сатылатын интернет-парақшаларды мұқият қарастыруды ұсынамыз.

Ағымдағы жылдың 4 айында департаментке 190 ауызша және жазбаша өтініш келіп түскен. Талдау тұтынушылардың құқықтары бөлшек саудада 43,1% және электрондық саудада 43,7% бұзылыпты.

 

Гульден Симбаева