Сәуірдің 19-жұлдызында «Саланг» әскери-патриотық клубының мүшелері халықаралық «Долина» экспедициясына аттанған еді. Жерлестеріміз Ресейдің Новгород облысына қарасты Парфинский ауданында болды. Клубтың жетекшісі -Александр Азегов. Ол еске алу вахтасына осымен 28-ші рет қатысып отыр.
АЛЕКСАНДР АЗЕГОВ, «Саланг» әскери-патриоттық клубының жетекшісі:
– Осы жылы бұл сапарға Қазақстаннан біздің клуб қана қатысты. Жалпы, түрлі қалалар мен елдерден келген 1600-ден астам зерттеуші болды. Нәтижесінде 135 жауынгердің денесін таптық. 3-еуінің ғана аты-жөнін анықтай алдық. Біз болған жерде кезінде 800 мың адам қаза тапқан. Оның шамамен 400 мыңының ғана денесі табылған.
Солтүстікқазақстандықтар экспедицияға пандемияға байланысты қатарынан 3 жыл бара алмаған. Осы жылы 6 адам қатысыпты. Солардың бірі – Владимир Пекарский. Бұл оның – 8-ші сапары. Жер қойнауының қыр-сырын білетін тәжірибелі маман екені айтпасақ та белгілі. Азамат іздеу жұмысының барысы туралы сыр шертті.
ВЛАДИМИР ПЕКАРСКИЙ, «Саланг» әскери-патриоттық клубы басшысының орынбасары:
– Әуелі жауынгерлердің жеке және тұрмыстық заттары табылады. Мен бірінші крест және отсөндіргіш таптым. Бір жерді 20 минут бойы тоқтамастан қаздым. Сөйтіп, 10 жерді қазыппын. Біраздан кейін қасық, күрек, пышақ, сарбаздың бас киімін таптым. Сол сәтте осы жерде жауынгердің денесі барына 100 пайыз сенімді болдым, бірақ, жоқ болып шықты. Іздеу жұмысының қызығына батқаның соншалық, кейде қалай тоқтарыңды білмейсің. Екінші жағынан “Аянбай еңбек етуім керек” деген намыс жібермейді. Ойлаған нәтижеге жеттім. 2 апта уақыттың қалай өткенін аңғармай қалдық.
Қазба жұмыстары кезінде көз алдымызға батпақ пен лай елестейді. Оның үстіне зерттеушілер күн сайын 20 шақырым аумақты бағындырады. Қандай жағдай болмасын бірінші кезекте – тазалық. Сол себепті, жерлестеріміз алғашқы күнін монша салудан бастаған екен. Немістерден қалған жертөлені қазған. Бір қызығы, қазу барысында пеш пен неміс солдаттарының шлемдерін тапқан. Онымен қоймай оларды өздерімен бірге пойызға тиеп, елімізге әкелген. Мұның өзі қаншама машақат десеңші. Бұл жәдігерлер қаламыздағы «Саланг» әскери-патриоттық музейіне орналастырылды. Александр Азегов музей тынысымен таныстырды.
Айта кетейік, бүгінде «Саланг» әскери-патриоттық клубының музейінде 2 мыңнан аса жәдігер сақтаулы тұр.
ВЛАДИМИР ПЕКАРСКИЙ, «Саланг» әскери-патриоттық клубы басшысының орынбасары:
– Жалпы, вахта барысы сәтті өтті. Былтырғы жылдары төтенше жағдайлар жиі орын алатын. Адасып кету жағдайлары, өзге мемлекеттен келген азаматтардың арасында снарядқа кез болып, қаза тапқан кездер болды. Абырой болғанда биылғы сапарымыз тыныш өтті, ешқандай қайғылы оқиға болған жоқ.
Жерлестерімізге іздеу жұмысына қосқан зор үлесі үшін Парфинский ауданы басшысының алғыс хаты табыс етілді.
Аснурия Абдула