СпортҚоғам

НЗМ оқушылары емге мұқтаж балаларға 2 млн теңгеге жуық қаражат жинады

НЗМ-де “Қоғамға қызмет” жобасы аясында баскетболдан қайырымдылық шоу-матчы ұйымдастырылды. Мұндай ауқымды шараны білім ордасының ұжымы жиі өткізіп тұрады.

ӘНУАР ЖАНҒОЗИН, “НЗМ” ДББҰ Басқарма төрағасы:

– Бұл іс-шараның басты мақсаты – сал ауруымен ауыратын балаларға көмек көрсету. Әрине, біздің НЗМ-де басты мақсаттардың бірі – оқушылардың бойында академиялық дағдыларды қалыптастыру ғана емес, сонымен қатар, адамгершілік, мейірімділік құндылықтарын дамыту болып табылады.

Спорттық сайыста мәслихат депутаттары мен қоғам белсенділері оқушылар командасына қарсы ойнады. Игі шараны қолдағандардың бірі – қалалық мәслихаттың төрағасы Арман Бердағұлов.

АРМАН БЕРДАҒҰЛОВ, қалалық мәслихаттың төрағасы:

– Қайырымдылық шарасына қатысуға шақырғанда бірден келістім. Баскетболмен мектеп кезімнен ойнап келемін. Балаларды қолдауды ұйғардым. Бұндай шаралар өте қажет.

Әуесқой баскетболшылар 4 тайм бойы қызу ойын көрсетті. Бастапқыда қонақ құрама алда болса, соңғы сәттерде оқушылар озды.
Мектепте ойынмен қатар аукцион да ұйымдастырылды. Оған белгілі спортшылар спорттық формаларын қойды. Билет сату мен аукцион өткізу нәтижесінде жиналған қаражат “Senim” оңалту орталығына беріледі. Бұл ерекше балалардың ата-аналарына орталық нысанының бір жылдық жалға алу құнын өтеуге жеткілікті.

ӘЗИЗА ЖҮНІСОВА, “Senim” оңалту орталығының ұйымдастырушысы:

– Басқа мекемелер де өздерінде осындай шаралар өткізсе жақсы болар еді. Бізге ғана емес, басқа оңалту орталықтарына да көмек қажет. Ата-аналарға, балаларға көмектесіп, қайырымдылықты көбірек ұйымдастыру керек.

Қайырымдылық шарасының нәтижесінде 2 млн теңгеге жуық қаражат жиналды.

 

Гульден Симбаева