Мәдениет

“Ботай пырағы – 2023” фестивалі

“Ботай” мұражай-қорығы алаңының ашылғанына биыл – 5 жыл. 15 гектар аумақта ежелгі қалашықтың археологиялық орны орналасқан. Мұнда бүгінге дейін отандық, шетелдік ғалымдар мен мамандарды тарту жұмыстары жүргізілуде. Мәліметтерге сәйкес, дәл осы жерде жылқы алғаш рет қолға үйретіліп, қымыз жасалған. Оған табылған сүйектер мен жылқы терілерінің қалдықтары дәлел.

ВЛАДИМИР ВИТЧЕНКО, “СҚО бойынша туристік қауымдастық” ҚБ төрағасы:

– Бұл – тек Солтүстік Қазақстан облысы мен Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлемнің игілігі. Бірқатар ғалымдар бұл жерге Германия, Америка, Франция елдерінен келген. Бұнда тек ғалымдар ғана емес, сонымен қатар, көптеген балалар да бар. Бұл, біріншіден, біздің жастарымыз Қазақстанның тарихына, мұрасына қызығушылық танытып, тарихи құндылықтарды дәріптеп, ұрпақтар сабақтастығының жалғасып келе жатқандығын көрсетеді.

Әр түрлі алаңдарда қонақтар ботай қауымдастықтарының өмірімен танысты. Көрмеге қойылған барлық артефактілер шынайы және осы аймақтан табылған. Келушілер үшін садақ ату, найза лақтыру, атпен жүру, тастардан және ежелгі технологиялар бойынша керамикалық ыдыстарды жасаудан шеберлік сыныптары ұйымдастырылды.

ҚУАНЫШ ШАҚШАҚОВ, – “Ботай” мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры:

– Біз мультипликативтік әсердің бір түрін жасаймыз, яғни өзіміздің жұмысымыз арқылы 6 мың жыл бұрын өмір сүрген адамдардың өмір салтын, тұрмысын, не істегенін көрсеттік. Олар не киді, керамикалық ыдыстарды, тас құралдарды қалай жасағандығы мен қымыз қалай дайындағандығын мастер-кластар арқылы көрсеттік. Барлық қатысушылар бұған белсенді қатысты.

Ауа райына қарамастан ашық аспан астындағы мұражайға 1200-ге жуық адам келді. Фестивальде шамандық шоу да болды. Кештің соңында ботай шырағы жағылды. Жоба жетекшілерінің айтуынша, өңірге келетін туристердің санын арттыру үшін осындай форматтағы іс-шаралар тұрақты түрде өткізілмек.

 

Самал Жунусова